Салық Зиманов елдегі саясаттың қалыптасуына елеулі үлес қосқан қайраткер – Игорь Рогов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Салық Зимановтың 100 жылдығына арналған «Академик С.З. Зиманов: өнегелі өмірі және ғылыми жетістіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция онлайн форматта өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы қордың атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов іс-шараны ұйымдастырушыларға қор атынан осындай онлайн конференция өткізіп отырғандарға алғыс айта келе, Салық Зимановтың саналы ғұмырында жасаған жұмыстарына тоқталды.

Шынымды айтсам, жай ғана ештеңеден қорықпай, соғысты басынан өткерген адамның өзі мәңгілік құрметке лайық болуы қажет деп ойлаймын. Ал 1944-1945 жылдары соғыста өзін батыл жауынгер ретінде көрсеткен Салық Зиманов біздің санамызда тек батыр ретінде ғана емес, сонымен қатар көптеген ізбасар дайындап, ғылыми жұмыстар жазған ғалым ретінде қалды. Ол тіпті мемлекеттік қызметтен кетсе де, елдегі саясаттың қалыптасуына үлкен үлес қосты, - дейді Игорь Рогов.

Салық Зимановтың ғылыми жұмыстары қазіргі кезде сот жүйесінде қолданылып жүр. Ол Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік механизмінің іргетасын қалады, құқық саласының дамуына үлкен еңбек қосты. 

Ол көшпелі мәдениетті сақтап, билер соты институтының қазіргі уақытта да өз өзектілігі бар екенін айтып кетті. Республика соттарын келешекте билер институтымен ұштастырып, дамытуды көздеді, - деді Рогов.         

Айта кетейік, бұған дейін осы шара аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов академиктің жазған естеліктеріне тоқталған болатын.


Ұмсындық Наурызбаева 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы