Салық төлеуден жалтарған 100 жеке тұлғаның тізімі жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаларға меншікке салынатын салық бойынша ең көп қарызы бар азаматтардың тізімін жариялауды жалғастыруда.
ТОП-100 тізімін Шымкент қаласының тұрғыны бастап отыр. Мұрат Матиев көлігіне салынатын салық (БСК 104402) бойынша 7,5 млн теңгеге жуық соманы мемлекетке берешек болып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Олжас Юсупов мүлік салығы (БСК 104102) бойынша 2,5 млн теңге қарыз жинап үлгерген.
Жер салығы бойынша (БСК 104302) 4 млн теңге қарызы бар азаматша да елорда тұрғыны. Жанна Әубәкірованың салық бойынша негізгі қарызы 1,5 млн теңгені құрап отыр. Қалған 2,35 млн теңге – есептелген өсімпұл.
Мүлік, жер, көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтардың жалпы тізімі мына сілтеме бойынша қолжетімді.
Айта кетейік, мемлекеттік кірістер органдары салық бойынша берешегі бар азаматтар тізімін жариялауды алдағы уақытта да жалғастыруды көздеп отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда салықтық рақымшылық жүргізілуде: биыл 31 желтоқсанға дейін (қоса алғанда) негізгі борыш сомасын төлеген азаматтардың өсімпұлы есептен шығарылатын болады.
Салық төлеушілер борыштарының бар-жоғын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында мына сілтеме бойынша тексере алады.