Салық комитеті ең үздік идеяға байқау жариялады
Ең үздік ұсыныстар бастамашы азаматпен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Ал егер Сіздің идеяңыз оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге, атап айтсақ бюджет қазынасын толтыруға көмектессе, бастамашы қаржылай ынталандырылады.
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық әкімшілендіру бойынша азаматтардың идеясын ынталандырады.
Еске сала кетейік, мемлекеттік кірістер органдары ТБЖ арқылы тәуекелдерді бағалау, тәуекелдерді анықтау және алдын алу бойынша шараларды қолданады.Салықтық әкімшілендірудің бизнес-процестерін автоматтандыру бойынша ең үздік идея авторлары материалдық тұрғыдан ынталандырылады. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті тәуекелдерді басқару жүйесінің құралдары арқылы салықтық әкімшілендірудің бизнес-процестерін автоматтандыру бойынша ел азаматтарынан ең үздік ұсыныстарды іріктеудің басталғанын хабарлайды, - делінген комитет таратқан ақпаратта.
Тәуекел дегеніміз - салық төлеушінің салық міндеттемелерін мүлде орындамауы немесе толықтай орындамауы, мемлекетке зиян келтіру немесе келтіруі мүмкін ықтималдығы.
Жіберілетін ұсыныстар көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге және адал бәсекелестікті ынталандыруға бағытталған шараларды қамтуы тиіс:
1) тәуекел тудыратын жағдайдың сипаттамасы;
2) тәуекелді анықтау және алдын алу бойынша ұсынылатын шешім жолдары;
3) Сіздің аты-жөніңіз бен байланыс деректеріңіз.
Ұсыныстарды ai.sergazieva@kgd.gov.kz электрондық мекенжайына жібере аласыздар.
Ең үздік ұсыныстар бастамашы азаматпен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Ал егер Сіздің идеяңыз оңтайлы нәтижелерге қол жеткізуге, атап айтсақ бюджет қазынасын толтыруға көмектессе, бастамашы қаржылай ынталандырылады, - дейді салық қызметкерлері.