Салық борышы бар жеке тұлғалардың басым бөлігі оңтүстік өңірден – Жайдар Іңкәрбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Салық борышы бар жеке тұлғалардың басым бөлігі Шымкент қаласында тіркелген.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

"Статистикалық деректерге сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 млн жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд теңгені құрайтын салықтық берешегі болған. Оның ішінде негізгі борыш -14,3 млрд теңге. Есептелген өсімпұлдар - 6.6 млрд теңге. Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70% көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығы бойынша берешекке 12% (немесе 2,5 млрд теңге), мүлік салығына 6,7% (немесе 1,4 млрд теңге тиесілі),- дейді Жайдар Іңкәрбаев. 

Оның айтуынша, борышкерлердің басым бөлігі жеке тұлғалар. Ең көбі оңтүстік өңірден.

"Шымкент қаласында  шамамен 148 мың, Түркістан облысында 139 мың, Жамбыл облысында 116 мың және Нұр-Сұлтан қаласында 114 мың адам тіркелген. Өңірлер бөлінісінде салық берешегінің ең көп сомасы Алматы қаласында - 5,5 млрд теңге. Ал Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында 2 млрд теңгеден, Шымкент қаласынла 1,6 млрд теңге", - дейді комитеті төрағасының орынбасары.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы