Бүгiн 2026, 12:10 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Салтанат Нүкенованың ісі: Байжановтың анасы сотта шу шығарды

Ол үкімге наразылық білдіріп, сотта айқайлаған.

Бақытжан Байжановқа қатысты өткен кассациялық сот отырысында оның анасы эмоциясын тежей алмай, сот залында шу шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бүгін елорданың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотта Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановқа қатысты үкімге берілген шағым қаралды. Қорғаушылар Байжановқа тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұраған.

Сот барысында Байжановтың адвокаттары, жұбайы және Салтанат Нүкенованың ағасы өз пікірлерін айтқан. Осыдан кейін сотталушының анасы орнынан тұрып, үкіммен келіспейтінін дауыстап айта бастаған.

Судья бірнеше мәрте тәртіп сақтауды талап етіп, ескерту жасағанымен, әйел сабырға келмеген. Соған байланысты оны сот залынан шығару туралы шешім қабылданды.

Алайда ол залдан өз еркімен шығудан бас тартқан. Кейін сот приставтары мен полиция қызметкерлері оны сыртқа алып шықты.

Отырыс барысында сот Байжановқа қатысты үкім шығарды. 

Еске салсақ, Байжанов Салтанат Нүкенованың кісі өліміне қатысты істі жасыру фактісі үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал 2025 жылғы тамыз айында ол рақымшылыққа ілігіп, түрмеде отыру мерзімі қысқарған еді.