Бүгiн 2026, 12:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Салтанат Нүкенованың ісі: Байжановқа үкім шықты

Қорғаушылар жазаны жеңілдетуді сұрағанымен, кассациялық сот шағымды қанағаттандырмады

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановқа қатысты үкімге берілген шағымды қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сот отырысында қорғаушылар жаза мерзімін қайта қарауды сұрағанымен, кассациялық алқа үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот шешімін жариялаған судья Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының 2024 жылғы 13 мамырдағы үкімі мен 2024 жылғы 26 маусымдағы апелляциялық қаулысы өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді. Кассациялық шағым қанағаттандырылмады.

Бұған дейін Байжановтың адвокаттары кассациялық шағымда жазаға қатысты қайта қарау жүргізуді сұраған болатын. Алайда олар іс бойынша құқықтық саралауды өзгертуді талап етпеген.

Қорғау тарапы сотталушының бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын, оң мінездемеге ие екенін және тұрақты әлеуметтік байланыстары барын алға тартты. Адвокаттардың пікірінше, бірінші сатыдағы сот Қылмыстық кодекстің 55-бабын формалды түрде қолданған. Осыған байланысты қорғаушылар жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, жазаны төмендетуді сұрады.

Сондай-ақ адвокаттар Байжановтың әрекеті аса ауыр қылмысты алдын ала уәде бермей жасыру ретінде сараланғанын атап өтті. Олардың сөзінше, оның рөлі жанама әрі көмекші сипатта болған және жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына тікелей зиян келтіруге байланысты болмаған.

Қорғаушылар Байжановты ұзақ уақыт қоғамнан оқшауламай-ақ түзетуге болады деп есептейтінін айтты. Сонымен бірге шартты жаза тағайындау заң талаптарына қайшы келмейтінін алға тартты.

Алайда кассациялық сот қорғау тарабының уәждерін қанағаттандырмай, бұған дейін шығарылған сот актілерін өзгеріссіз қалдырды.

Еске салсақ, Байжанов Салтанат Нүкенованың кісі өліміне қатысты істі жасыру фактісі үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Ал 2025 жылғы тамыз айында ол рақымшылыққа ілігіп, түрмеде отыру мерзімі қысқарған еді.