Сальмонеллез: берілу жолдары және алдын алу

Сальмонеллез – бұл асқазан-ішек жолына әсер ететін жіті жұқпалы ауру. Инфекцияның қоздырғыштары сальмонеллалар тұқымдасына жататын микроорганизмдер, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Инфекция көзі ауру адам немесе үй жануарлары, сондай-ақ бактерия тасымалдаушылар болып табылады.

Адам инфекцияны науқаспен байланыста болған кезде немесе сальмонелламен залалданған тағамдарды жеген кезде (негізінен жұмыртқа, құс еті, сүт өнімдері, сондай-ақ көңмен ластанған көкөністер мен жемістер) жұқтырады. Бала үшін көбінесе инфекция көзі оған қамқорлық жасайтын және тамақ дайындайтын анасы болып табылады.

Аурудың инкубациялық кезеңі 6 сағаттан 3 күнге дейін құрайды. Сальмонеллезге іштің қатты ауырсынуы, жоғары дене қызуы, диарея, жүрек айну және құсу тән.

Сальмонеллезден қалай қорғануға болады?

1. Дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз;

2. Тез бұзылатын өнімдерді сақтау шарттарын қатаң сақтаңыз;

3. Шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бөлек ұстап, тауарлық көршілестікті сақтаңыз;

4. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан ет, ет өнімдерін, құс етін, жұмыртқаны, сүт өнімдерін сатып алмаңыз;

5. Жартылай шикі тағамдарды жеуге болмайды, ет тағамдары мен құс тағамдарын дайындау кезінде температура режимін сақтаңыз;

6. Дүкеннен әкелгеннен кейін жемістерді, көкөністерді, қарбыздар мен қауындарды, сондай-ақ тауық жұмыртқаларын ағынды судың астында мұқият жуыңыз;

7. Ас үй ыдыстарын мұқият жуып, қайнаған сумен шайыңыз.

Балалар арасында, әсіресе өмірінің алғашқы жылында аурудың алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте, аналар дәрігерлердің балаларды күту және тамақтандыру жөніндегі ұсынымдарын мүлтіксіз орындауы керек, жеке гигиена қағидаларын сақтауға, емізікті, ойыншықтарды, ыдыс-аяқты және басқа да тұрмыстық заттарды дұрыс өңдеуге назар аударуы қажет.

Аралас және жасанды тамақтандырылатын 2 жасқа дейінгі балаларды алдын ала термиялық өңделген жеке бөтелкеден тамақтандыру қажет. Емізіктерді таза ұстау, зарарсыздандыру және арнайы ыдыста сақтау керек, ересектердің емізіктерді ауызға салуына қатаң тыйым салынады. Дайын қоспаларды пісіргеннен кейін бірден қолдану қажет, қоспалардың, пюренің және басқа да дайын тамақ өнімдерінің қалдықтарын қайта пайдалану үшін сақтауға қалдыруға болмайды.

Сальмонеллездің белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайды, уақтылы медициналық көмекке жүгіну қажет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы