Кеше 2026, 23:27 Фото: Polisia.kz

"Сәлемдеме келді": Ақтөбеде алаяқтар тұрғынды несие алуға көндірмек болған

Бұл туралы дереу киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабарланған.

Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлері мен банк маманы тұрғынды интернет-алаяқтардың арбауынан аман алып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Белгісіз адам өзін жеткізу қызметінің курьері ретінде таныстырып, тұрғынға атына сәлемдеме келгенін айтқан. Сәлемдемені рәсімдеу үшін телефонға келген SMS-кодты сұраған азаматша кодты айтып қойған.

Кейін оған қайта хабарласқан алаяқтар өздерін eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, оның атына несие рәсімделіп жатқанын және банк шоттарында күмәнді операциялар анықталғанын айтқан.

Одан кейін әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам қосылып, әйелге бірнеше күн бойы психологиялық қысым көрсеткен. Алаяқтар оны «қауіптің алдын алу» деген сылтаумен несие рәсімдеуге көндірген.

Тұрғын банкке барып несие рәсімдеуге әрекет жасаған кезде банк қызметкері клиенттің күмәнді хабарламаларға жауап беріп жүргенін байқап, алаяқтық белгілерін анықтайды. Бұл туралы дереу киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесіне хабарланған.

Полиция қызметкерлері әйелді бөлімшеге жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Алғашында ол алаяқтарға сеніп отырғанын мойындамағанымен, кейін жағдайды түсініп, олардың ықпалынан шыққан.

Банк қызметкері мен полицияның жедел әрекетінің арқасында шамамен 2 миллион теңгенің заңсыз рәсімделуіне жол берілмеді.