“Салдарымен емес, себебімен”: Ақмола облысында су тасқынын алдын алу жұмыстары күшейді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңірде халықты және маңызды инфрақұрылым нысандарын су тасқынынан қорғауға қандай жұмыстар атқарылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қауіп төндіретін өзендерге ерекше көңіл бөлінді. Осы мақсатта Қалқұтан, Нұра, Шағалалы және Жабай өзендерінің арналары тазартылып, тереңдетілді. Атбасар қаласында Жабай өзенін тазарту жұмыстары жалғасуда, оның едәуір бөлігі аяқталған. Алдағы уақытта өзен арнасын түзеу және Нұра өзенінің ағысын тереңдету жобалары іске асырылмақ, - деді әкім.

Жалпы, облыс бойынша өзен арналарының түбін тереңдету және түзеу жұмыстары 44 шақырым аумақта жүргізілді.

Біз шұғыл шаралардан жүйелі және ұзақ мерзімді жұмыс форматына көштік. Бұл тәсіл бізге апаттың салдарымен емес, себептерімен күресуге, тұрғындар үшін сенімді қорғаныс жүйесін құруға мүмкіндік береді, - деді Марат Ахметжанов.

Аймақта гидротехникалық нысандарды нығайту мен қалпына келтіру жұмыстарына да назар аударылуда. Әр аудан бойынша жеті стратегиялық маңызы бар бөгет пен тоған қалпына келтірілді. Оларды әрі қарай күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету мақсатында арнайы кәсіпорын құрылды. Оның балансына 17 бөгет пен тоған берілді. Кәсіпорын заманауи техникамен қамтамасыз етілген, бұл мақсатқа 600 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, бірнеше ірі нысанда құрылыс және жөндеу жұмыстары жалғасуда, соның ішінде Прохоров-Колоков бөгетіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

Жалпы, 18 гидротехникалық нысанды салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылған соң, көктемгі тасқын кезінде шамамен 80 миллион текше метр еріген суды қауіпсіз бағытта реттеуге мүмкіндік туады.

Біздің басты міндетіміз - адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан біз өзен арналарын тазартудан бастап бөгеттерді нығайтуға дейінгі барлық бағыттарға ерекше мән береміз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Сонымен қатар жыл сайын су басу қаупі жоғары болатын Жақсы ауданында жаңа автокөпірдің құрылысы аяқталды. Каналдар мен арықтар кеңейтіліп, қорғаныс бөгеттері нығайтылды. Бұл шаралар көктемде еріген сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы