"Саламатты Қазақстан": Әлеуметтік пойыз ауыл тұрғындарына қандай көмектер көрсетеді

Шалғай аудандарда бас ауырып, балтыр сыздағаннан бөлек, еңбек дауы, мұрагерлік, банк алдындағы берешек, көпбалалы аналар мен ерекше жандардың мұң-тілегі сынды мәселелердің көп екені белігі. Осы орайда, екінші жыл қатарынан, «Саламатты Қазақстан» пойызының құрамында медицина қызметкерлерімен қатар заң мамандары алыс ауылдар халқына өз қызметін ұсынып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жоба ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен «Самұрық-Қазына» қоры және Денсаулық сақтау министрлігінің ынтымақтастығының арқасында жүзеге асып отыр. Жоба туралы Комиссия мүшесі, Қордағы компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева айтып берді.

- Альфия Дәулетқалиқызы, «Саламатты Қазақстан» медициналық-әлеуметтік пойызы 1 мамыр – Қазақстан бірлігі күні елордадан сапарға аттанғанын білеміз. Пойыз Маңғаз Маңғыстау облысында болды. Қазір – Атырау облысында. Бұрын бұл пойыздың аты аталғанда көзімізге ақ халатты абзал жандар елестеуші еді. Қазір денсаулық керуенінің құрамы кеңейгенге ұқсайды?

Иә, Қорымыз ұзақ жылдан бері қолдап келе жатқан медпойыз бүгінде нағыз халықтың жобаға айналып, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасы да өз жемісін беріп жатыр деуге болады. Жыл аяғына дейін еліміздің барлық өңіріндегі 140 алыс бекет пен олардың маңайындағы ауыл-аймақтағы кем дегенде 90 қазақстандыққа тегін медициналық-әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетуге жолға шыққан дөңгелек үстіндегі емхана жұмысына жалпы 40 маман жұмылдырылды. Олардың дені терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика, жалпы тәжірибе дәрігері, рентгенолог, жүрек, тіс, көз, құлақ, тамақ және мұрын дәрігері, онколог-маммолог, гинеколог және уролог сынды білікті дәрігерлерден тұрып, қажет жағдайда шағын операциялар жүргізіп, жоспарлы емдеуге жолдама берілгенінен тыс, медиатор мен заңгер дауды сотқа дейін шешу секілді өзекті түйткілдер жөнінде жөн нұсқап, азаматтардың зейнетақы-жәрдемақы, әлеуметтік төлем және атаулы әлеуметтік көмек алу туралы сұрақтарына ыждаһатпен ден қоюда. Былайша айтқанда, медпойызға халық барлық мұң-тілегімен келеді. Ал біз, өз кезегімізде азаматтардың денсаулық сапасына көңіл бөліп қана қоймай, құқықтық сауатын арттыруға күш саламыз.

- Биыл пойыз жұмысын батыс өңірлерінен бастады. Себебі де бар сияқты?

Елдегі су тасқыны орын алған жағдай бәрімізге мәлім. Барша қазақстандықтар қал-қадірінше қол ұшын созып жатыр. Бұл ретте медпойыз да бірден батыс аймақтарға, Маңғыстау өңірінен соң Атырау облысының бекеттеріне жол тартып, оның ішінде тек бір тәуліктің ішінде медицина қызметкерлері Құлсары қаласының 500-ден астам тұрғынын қарап үлгерді. Көшпелі бригадалар қаланың барлық эвакопункттерінде, сондай-ақ халықпен белсенді жұмыс жүргізілетін Мәдениет үйінің жанында қызмет көрсетуде. Тиісті аймақта 17 маусымға дейін 11 бекет қамтылады. Жоба дәрігерлері ауыл тұрғындарына күнделікті 09:00-18:00 аралығында 13:00-14:00 түскі үзіліспен алғашқы медициналық-санитарлық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетеді. Медпойыз қозғалысының кестесі алыс бекеттерде медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініші негізінде әзірленді. Жоба дәрігерлері орташа алғанда әр станцияға 1-2 күн тоқтайды. Зертханалық әдістерді қолдана отырып науқастарды тексереді. Жалпы 2010 жылдан бері медициналық пойыздар 1 991 станцияда болып, 658 407 адамның, оның ішінде 142 660 баланың денсаулығы тексерілді. Дәрігерлерге қаралу саны 3 438 081 болып, 28 918 шағын амбулаториялық ота жасалса, 168 991 тұрғынның тісі емделді. Мұнда тек былтырғы 2023 жылы ғана 100 000-ға жуық ауыл тұрғынына ақысыз жәрдем жасалып, 8 айдың ішінде барлық 17 облыстағы 121 шалғай станция қамтылды. Осылайша орташа алғанда пойыз 18 мың шақырымға жуық жол жүріп, 100 мыңға жуық қазақстандықтың денсаулығын, әлеуметтік ахуалын жақсартуға үлес қосты. Оның ішінде 19 222-сі бала. 9802 адамға ақысыз құқықтық және медиативтік, яғни татуластыру көмегі көрсетілді. Оның 6-мыңға жуығы әйелдер. Нәзік жандардың 611-і өңірлік әйелдер кәсіпкерлік орталықтарына жіберілсе, 98-і жұмысқа орналастырылды, 388-і балаларына алимент ала бастады. Бұдан тыс, 60-ына шағын бизнес ашуға құжаттарды ресімдеуге қол ұшы созылды. Пойыздың қозғалыс кестесі мен толық ақпаратты sk-trust.kz, medpoezd.kz сайттарынан және жобаның әлеуметтік желідегі парақшаларынан, жергілікті әкімдіктерден білуге болады.

- Бүгінде қандай да бір көрсеткіштер туралы ауыз толтырып айта аламыз ба?

«Саламатты Қазақстан» пойызының медицина мамандары биыл өз жұмысын бастағалы, яғни алғашқы өңір қорытындысында – Маңғыстау облысында 6830 адамның денсаулығын тексерсе, оның 3662-сі бала болып отыр. Медиатор мен заңгер мамандар 1026 арыз-шағым қабылдады. Маңғыстаулық Тұрыш, Сам, Сайөтес, Өзен, Болашақ, Жетібай, Қарақия, Шетпе, Үстірт және Опорная станцияларында азаматтар тісін жұлдырып, жалпы тәжірибе дәрігеріне, хирург пен травматолог, уролог, неврапотолог, көз, құлақ, мұрын, тамақ, жүрек дәрігерлеріне, акушер-гинеколог пен психолог, педиатрға қаралды. Науқастар доңғалақ үстіндегі емханада ЭКГ, УДЗ, рентген қондырғыларына түсіп, зертхана жұмыс істеді. Пойыздағы заңгерлердің кеңестері барысында болса, көпбалалы аналарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған және өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға ерекше назар аударылады. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың күшімен шалғай ауылдардың тұрғындарын пойызға жеткізу ұйымдастырылып, ауыл және кент әкімдерінің өзекті түйткілдерді тарқатуға атсалысуы қамтамасыз етілуде, кезекте күту үшін жағдай жасалуда. Мәселен тек Жаңаөзен қаласы мен Болашақ бекеттерін алғанның өзінде, біраз қордаланған мәселелер байқалды. 150 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңаөзенде азаматтардың банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы 22 млн теңгеден асатын қарызы бойынша арыз-шағымдар әзірлеп, құзырлы тараптарға жолдауға көмек жасалды. Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, алимент рәсімдеу, еңбек өтілін есептеу, оқуға түсу, бизнес бастауға грант алу, қандас мәртебесіне ие болу, тұрғын үй теліміне қол жеткізу сынды жайттар аясында кеңес берілді. 680 адам тіркелген, мектеп пен балабақша, 3 дүкен мен наубайхана жұмыс істейтін, газбен және сумен, ғаламтор байланысымен толық қамтылған, алайда дәріхана мен полиция мекемесі, жастарға мәдениет мен спорт алаңдары, басты көшелерінде жарықтандыру жоқ Болашақ станциясында медиатор тиісті жайттарды назарға алып, Даун синдромы бар балаға мүгедектік тағайындау, зейнетке шыққанда еңбек өтілін дұрыс есептемеу, теміржолшы слесарьлардың еңбек құқығының толық қорғалмауы мәселелерін шешуге күш салды. Маңғыстаулық бекеттердің бірінде араларында түсініспеушілік туындаған тараптар пойыз маманының атсалысуымен медиативтік келісімге келіп, қылмыстық істі қозғауға тоқтау салынды. Әйелдер құқығы тұрғысында, жергілікті жерлерде көп аналардың «Күміс алқаға» қол жеткізе алмай жүргені, тиісінше оларға жәрдемақы төленбейтіні аңғарылды. Бұл мәселе де, сәйкесінше, назарға алынды. Медиатор қызметінің барысында жалпы сомасы 13 миллион теңгеге даудың шешімі табылып, банк, сот, мемлекеттік мекемелер сынды бірқатар құзырлы тараптарға шағымданушылардың өтініші жолданды. Жалпы көп нәрсе туралы айтуға әлі ерте, жыл аяғына да дейін біраз белестер еңсеріледі деген ойдамын және сенімдемін.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы