Алматы облысында сал ауруын тау шаңғысы арқылы емдейді
Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатқан IV ақпараттық-экскурсиялық турдың үшінші күні аяқталды.
Алматы облысының ішкі туризмімен танысып жүрген ақпараттық-экскурсиялық топ Іле Алатауының баурайында орналасқан "Ski Park Pioneer" демалыс орталығына аялдады. Мұнда балалар лагері және аутизм, сал, даун синдромы сынды ауруларына шалдыққан балаларды тау шаңғысында сырғанау арқылы емдейді.
"Ski Park Pioneеr" отбасылық курортының басшысы Жанат Қаратайқызының айтуынша, мұндағы бағалар өте қолжетімді.
2018 жылдан бері Алматы қаласының әкімдігі дамуында ауытқуы бар балаларға арналған бағдарламаны қаржыландырады. Бағдарлама аясында "ерекше" балалар шаңғы тебуден 10 күндік интенсивті курстан өтеді. Бұл балалар аутизм, сал, даун синдромы және тағы басқа ауруларға шалдыққандар. Оның арасында құлағы дұрыс естімейтін, көзі нашар көретін балалар да бар.
Яғни 4 жастан 25 жасқа дейін кез келген алматылыққа дәрігер жоғарыда аталған диагнозды қойса, осы бағдарламаға қатыса алады. 10 күннің ішінде "ерекше балалар" айтарлықтай нәтижеге қол жеткізеді. Осы уақыт аралығында дамуында ауытқуы бар баланың денсаулығы жақсарып, өздігінен қозғала алғанына куә болып жүрміз, - дейді орталықтың директоры.
Сонымен қатар, мұнда өзге елдерден келген балалар да ем алуда.
Қазір Ресейден үш отбасы келіп, балаларын емдетуде. Жақында Түркиядан, Канададан, Израильден келетін қонақтарды күтіп отырмыз, - деді Жанат Қаратайқызы.
Жанат Қаратайқызы – 5 баланың анасы, кәсіпкер. Алайда екінші ұлы дүниеге келгенде оған дәрігерлер аутизм диагнозын қойған. Алайда батыр ана бұл қиындықпен күресуге шешім қабылдаған.
Аутизм дертінің не екенін жақсы түсінемін. Себебі екінші балам аутизммен дүниеге келді. Бұл диагнозға қарамастан, ұлым үшін арнайы бағдарлама жасадым. Нәтижесінде тау шаңғысы спорты баламның денсаулығына оң әсер ететінін түсіндім. Осының арқасында оның денсаулығы жақсарды. Қазір ұлым 21 жаста, үлкен жігіт болды, - дейді әлеуметтік кәсіпкер.
Айта кетейік, Алматы қаласы мен Алматы облысында IV ақпараттық-экскурсиялық тур өз жұмысын бастаған. Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Kazakh Тourizm" Ұлттық компаниясы ұйымдастыруда.