Сақтандыру пакеті қандай қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын қызметтердің қолжетімділігі артқан. Медициналық сақтандыру қоры биыл 7 айда Алматы қаласы тұрғындарына аталған профильге жататын қызметтер үшін 8,3 млрд теңгеге жуық қаражат төлепті.

Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, пациенттерге көрсетілген жоғары технологиялық қызмет ақысы медициналық сақтандыру есебінен төленеді. 7 айда алматылық дәрігерлер жоғары технологияларды пайдаланып 3307 медициналық қызмет көрсеткен.

Қаладағы медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасы мен мамандар құрамы жамбас пен тізе буындарын алмастыруға, жүрекке дефибриллятор қоюға, бас сүйек ішіне стент орнатуға, аневризмге шалдыққан тамырларды эмболизация жасауға мүмкіндік береді. Бұл операциялардың құны 1,5 миллионнан басталып, 6 миллионға дейін жетуі мүмкін, - деді Тілеухан Әбілдаев.

Жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын медициналық қызметтерге жүрекке ота жасау, бауыр, бүйрек, жүрек алмастыру, мидағы қатерлі ісікке байланысты жасалатын нейрохирургиялық ота түрлері, тұқым қуалайтын және жүйелі ауруларды, лейкоз бен күрделі эндокриндік сырқаттарды емдеу сынды тағы да басқа аса күрделі хирургиялық операциялар жатады.

Бүгінде Қазақстанда жоғары технологиялық қызметтің 70-ке жуық түрі бар. Олардың тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. 

Тілеухан Әбілдаев қызметтің бұл түрлерін пайдалану үшін не істеу қажеттігін айтты.

Жоғары технологиялардың көмегімен емдеуді қажет ететін сырқатқа шалдыққан пациент аталған қызметті пайдалану үшін сақтандырылған болуы шарт. Ол кезде науқас жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу арқылы емделеді, ең алдымен тіркелген емханаға хабарласады, дәрігерлер оны ауруханаға жатқызу бюросы порталына тіркейді. Егер медқызметті жергілікті жерде көрсету мүмкін болмаған жағдайда комиссия оны республикалық деңгейдегі ауруханаға жатқызу мүмкіндіктерін қарастырады. Тиісті көрсетілімдер болса, құжаттар түгел өткізілген болса екі күн ішінде шешім қабылданады. Оң шешім шыққаннан кейін жолдама беріліп, ауруханаға жатқызылатын күнді белгілейді,-деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы