Павлодарлық сахна майталмандары халыққа маска тігіп беруде
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің театр қызметкерлері коронавирустың таралуына орай жұмыстарының тоқтатылуына қарамастан, қайырымды істердің басында бола білді. Қазіргі уақытта Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрының қызметкерлері мен әртістері көпреттік пайдалануға арналған бетперде тіккен.
Театр мамандары осылайша "Біз біргеміз" республикалық акциясына қолдау білдірді. Бүгінде қазақ өнерінің шаңырағында 50-ге жуық әртіс пен 100-ге жуық өзге мамандар еңбек етеді. Екі аптадан астам уақыт бойы театр жұмысы тоқтатылған. Акция шеңберінде мамандар 700-ге жуық маска тігіп, жұртшылыққа таратқан. Бетперде сахналық костюмдерден қалған маталардан тігіледі.
Өнерпаздардың айтуынша, бөл матасынан тігілген маска қолдануға ыңғайлы, бірнеше рет жууға шақталған. Кейін үтіктеп алып, қайта пайдалануға болады.
Театр директорының орынбасары Жарқынбек Амантайдың хабарлауынша, шығармашылық ұжымның мәжбүрлі демалысқа шығуына қарамастан, бұл жайт олардың жалақысына әсер етпейді.
Бұған дейін труппамыз ұлы Абайдың 175 жылдығына орай "Жас Абай" қойылымын ұсынып үлгерді. Содан бері жұмысымыз уақытша тоқтатылды. Шығармашылық бағыттағы жұмыстардың барлығы тоқтап тұр. Ешқандай дайындық жүріп жатқан жоқ. Осы премьералық қойылымнан соң біз Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" спектаклін ұсынғымыз келген еді. Десе де, ол да тоқтатылды. Жалпы, 10-ға жуық қойылымымыз кейінгіге қалдырылды, - дейді Жарқынбек Амантай.
Облыста пандемияға байланысты 42 спекталкьді өткізу мерзімі кейінгіге қалдырылған.
Еске салсақ, коронавирустың таралмауына тосқауыл қою мақсатында облыстан Ресейге жолаушы тасымалдайтын халықаралық рестік автобустардың қозғалысына шектеу қойылды. Облыс орталығындағы қоғамдық көлік қозғалысы да өзгертілді. Автобус маршруттары таңғы сағат 6.30-дан кешкі сағат 20.00-дейін жүреді. Ал трамвай жүрісінде өзгеріс жоқ.