Сәкен Әділбеков: Біздің мақсатымыз – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» директорының орынбасары Сәкен Әділбеков баспасөз туры кезінде мәлімдеді.
Біздің мақсатымыз — жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Республика бойынша 4 бағытта – Нұр-Сұлтан-Щучинск, Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай, Нұр-Сұлтан-Теміртау жолдарында арнайы жүйеге тіркелген шлагбаумдар орнатылған. 2021 жылдың 23 қарашасынан бастап ашық жүйелі тағы 7 участок іске қосылды. 1403 бірыңғай байланыс орталығының қызметкерлері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына қатысты барлық мәселелер бойынша кеңес береді, соңғы жаңалықпен хабардар етеді және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, - деді ол.
Оның айтуынша, жолда күтпеген жағдай орын алғанда не істеуге болатынын алға тартты.
Жолда төтенше жағдайға тап болып, мәселен, қар құрсауында қалып қойған әрбір автокөлік иесі осы байланыс орталығына жүгіне алады. Мәселен, 2022 жылғы 12-15 ақпан аралығында (боранды күндері) орталық 6,5 мыңға жуық өтінішті өңдеді. Сол кезде еліміздің 10 облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты 80 рет қозғалысқа шектеу енгізілді, - деп атап өтті Сәкен Әділбеков.
Жалпы, республикада 1261 шақырымды құрайтын 11 ақылы жол учаскесі бар. Жолдардағы инфрақұрылым – аялдама, техникалық нүктелер, қоқыс жәшіктері, дәретхана жолаушылардың ыңғайына қарай жасалған. Директор орынбасарының мәлемдеуінше, алдағы уақытта қызмет көрсету сапасы артады.
1403 байланыс орталығына стационарлық телефоннан да, ұялы телефоннан да қоңырау шалу тегін. Күн сайын ақылы жолдарға, жолдарды күтіп-ұстауға, республикалық маңызы бар автожолдардағы жол жүрісінің қарқындылығы мен қауіпсіздігіне қатысты 500-ге жуық өтініш келіп түседі, - дейді ол.
Ал колл-орталық тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді. Бөлімнің аға операторы Калданова Жазира қоңыраулар әр өңірден, түрлі сұрақтар бойынша келетінін айтты.
Жолаушылардың көбі абоненттік төлем, жолдың сапасы, ауа райы жағдайына байланысты қалааралық қатынас туралы сұрап, хабарласады. Мереке және демалыс күндері қоңыраулар саны артады. Әрбір сауалға нақты нұсқаулық немесе Заң шеңберінде жауап беруге тырысамыз. Хабарласатындардың басым бөлігі Алматы және Оңтүстік облысының тұрғындары. Біз барлық тұтынушыларды тіркеп, хабарласу себептерін және оны шешу жолдарын анықтаймыз, - дейді аға оператор.
Компания құрамындағы жолдар қызметкерлердің басты назарында. Стандарттарға сай әрі сапалы болуы үшін үнемі тексеріліп отырады. Бұл туралы «Ақылы автомобиль жолдары Дирекциясының» Бас инженері К. Сәдуақасов айтып берді.
«ҚазАвтоЖол» құрамына республикалық маңызы бар жолдар кіреді. Кіріспен келген қаражаттың көп бөлігі халықаралық стандарт бойынша жол сапасын арттыруға жұмсалады. Мәселен, жаңа технологияларды орнату, жыл сайын жол белгілерін жаңарту, сапа мен жағдайды тексеріп отыру, инвесторлармен байланыс жасау – біздің бірінші міндетіміз. Жалпы жұмыстардың саны екі жүзден асады. Бұның барлығы ақылы және қарапайым жолдардың арасындағы айырмашылықты арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жүзеге асырылады, - деді ол.
Сондай-ақ тұтынушылардың жол амандығын қамтамасыз ету үшін 150-ге тарта арнайы техника жұмылдырылған. Саны мен сапасы бойынша стандарттарға сай. Дегенмен, ауа-райының қолайсыздығы сияқты факторлар әсер етіп, техника тапшылығы туындаса, мердігерлерді шақыртып, жағдайды бірден реттеуге тырысамыз деп отыр.
Айта кететін жайт, бүгін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жібек жолы кентінде орналасқан Нұр-сұлтан-Теміртау учаскесіне бір күндік баспасөз тур ұйымдастырған болатын. Іс-шара барысында төлемақы алу пункті, жедел әрекет ету және 1403 колл-орталығы жобалары таныстырылды.
Аружан АЛПЫСБАЙ