Саида Абдуллаеваның ісі. Туысқандары не дейді?
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында 22 жастағы бойжеткен Саида Абдуллаеваны қағып өлтірген мектеп оқушысының ісіне қатысты жаңа деректер пайда болды.
Марқұм Саиданың әпкесі Сәния Абдуллаеваның айтуынша, сот-медициналық сараптаманың нәтижесінде жасөспірім тізгіндеген «Лексустың» ақауы болмағаны, яғни көліктің жаңа әрі жарамды екені анықталды.
«Екіншіден, жасөспірім Сабыржанның жол-көлік оқиғасына айыпты екенін дәлелденді. Қайғылы жағдайдың алдын алуға оның мүмкіндігі болған. Қазір жасөспірімнің психикалық жағдайын анықтайтын сот-медициналық сараптаманың қорытындысы мен мәйітті сою нәтижесін күтіп отырмыз», – дейді Сәния Абдуллаева.
Сонымен қатар, Сәнияның пікірінше, жасөспірімнің анасы Қылмыстық кодекстің 349-бабынан қашу үшін «балам көлікті ұрлап әкетті» деп түсініктеме беріп, өзін қорғаған. Бірақ оқиға болған күні Саиданың туыстарына баласына көліктің кілтін өзі бергенін айтқан. Бірақ, кейін ойын өзгерткен.
«Жасөспірімнің оқиғаға дейін көлік басқарғанын білу мақсатында полиция департаментінің қызметкерлеріне қаладағы бейнебақылау камераларының бір ай бұрынғы таспаларын қайта қарауға өтініш білдірдім. Олар жазбаларды қарап, тексерді. Нәтижесінде, сол көліктің рөлінде бір жігіттің отырғаны көрінді. Енді полиция департаменті оның сырт келбетін анықтау үшін сот-габитологиялық сараптама жүргізеді», – дейді Саиданың әпкесі.
Қазіргі таңда марқұмның туыстары оқиғаны көзімен көрген куәгерлерді іздестіруді жалғастыруда. «Біз бір куәгерді күтіп жүрміз. Басқа қалаға кетіп қалған екен. Ол келсе, түсініктеме береді», – деп үміттеніп отыр.
Бұдан бөлек, айыпталушы Сабыржанның туыстары Саиданың жақындарымен кездескісі келіп, уақыты мен орынды белгілеген. Алайда өздері межелі жерге келмеген.
«Өткен жұмада сағат 15:00-ге баланың туыстары бізге кездесу уақытын белгілеген, сөйлесуге. Бір ағамыз сол кездесу үшін арнайы Астанадан ұшып келді, бар жұмысын тастап. Жұма күні сағат 21:00-ге дейін күттік. Ешкім келген жоқ», – дейді Сәния.
Бұған дейін Қызылорда қаласында жасөспірім «Лексус» көлігімен 22 жастағы Саида Абдуллаеваны қағып өлтіргені туралы хабарлаған болатынбыз. Оқиға 2018 жылдың 28 желтоқсан күні сағат 22:00 шамасында Сүлейменов пен Нұрмақ көшесінің қиылысында болған. Ауыр жарақаттанған бойжеткен ауруханада төрт күннен кейін көз жұмды.
Қазір жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Саиданың туыстары әділ тергеуді талап етуде. Олар айыпталушының әкесі облыста ықпалды кәсіпкерлердің бірі болғандықтан, іс бұрмаланып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Ибраш Әли