"Сахна – менің үйім": Қазақ қызы Ла Скаланы бағындырады

Қазақстандық опера әншісі Әйгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында топ жарып, бас жүлдені жеңіп алды. Жас талант BAQ.KZ тілшісіне жеңіс жолында қандай қиындықтар мен сындардан сүрінбей өткенін айтып берді.

Жүзден жүйрік шыққан отандасымыз сонымен қоса байқаудың "Көрермендер көзайымы" жүлдесін, "Ең үздік әйел дауысы" номинациясын және Карло Майер атындағы арнайы сыйлықты иеленді. Айта кетерлігі, мұндай жетістікке Орталық Азиядан ешбір өнерпаз әлі қол жеткізбеген.

"Жарты жыл дайындалдым"

Бұл байқауға қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді және оған қойылатын талаптар да жоғары. Бұл конкурсқа өз басым жарты жылдай дайындалдым. Өйткені опера жанрында айтатын арияларымыз әртүрлі тілде болады. Конкурстың қатысушыларға қоятын талаптары болады. Сондықтан соның барлығын ескере отырып, жарты жылдай дайындыққа кетті, - деп ағынан жарылды Әйгерім.

Халықаралық өнер додасы үш кезеңнен тұрған.

Әр турда екі ариядан айтамыз. 6 шығарма орындадық. Конкурстың талабына байланысты екі шығарма итальян тілінде, қалған шығармалар, ағылшын, француз, неміс тілдерінде орындалуы міндетті болды. Әр тур сайын екі шығармадан орындадық. Конкурстың бағалану жағы өте құпия нәрсе. Қазылар алқасы қойған бағаларын бір-біріне көрсетпейді екен. Бағаларды қойған соң конкурстың директорына береді. Конкурс директоры финалда: "Бағалануы – өте құпия. Бұл байқауда қазылардың таңдауы мен көрерменнің таңдауы сәйкес келді" деп баға берді, - дейді өнер иесі.

Айтуынша, байқауда шығарманы орындау тәртібі де ерекше.

Арияларды біз таңдамаймыз. Конкурс барысында орындайтын шығармаларымыздың тізімін береміз. Сахнада тұрған кезде қазылар отырып, мына шығарманы айтып бер деп сұрайды. Сол мезетте жинақталып, шығарманы орындап шығуымыз керек. Бұл да конкурстың өзіндік бір қиындығы, тәртібі, бізге берілген сынақтарының бірі. Өйткені бір шығарманы орындап болған соң екінші шығармаға өту қиындау. Көп конкурста алдын ала шығармаларға дайындалады.

Жат елде, жат тілде ән айтудың қиындығы

Конкурсқа 50 мемлекеттен 200-ден астам өтініш түсіп, жанды тыңдалыммен қатысушылар саны 92 болды. Бірінші турда Пуччинидің "Suor Angelica" операсынан арияны итальян тілінде және Чайковскийдің "Иоланта" операсынан Иолантаның ариозасын орындадым. Одан кейін тілді білу керек. Шығарманы жетесіне жеткізіп орындау үшін сол тілді, оның тарихын білу керек. Одан бөлек, француз, неміс, ағылшын тілдерін де бірге алып жүру керек. Бұл – опера жанрындағы, жалпы өнердегі біздің міндеттеріміздің бірі.

Көрермендер керемет қабылдады. Опера – италиялықтардың ұлттық өнері деп айтуға болады. Олар барлық шығарманы, қалай жазылғанын, тарихын, сөздерін жатқа біледі. Эмоционалды тұрғыда халыққа жеткізу өте қиын. Конкурстан ең жоғары балл алып, өз тарапыма керемет жылы сөздер естідім. Өйткені жартылай финал мен финал ашық түрде өтті.

Көрермендер Портофино, одан кейін Камольи қаласында тыңдады.

"Анам – алғашқы ұстазым"

Бес жасынан ән айта бастаған жас әнші үшін әлемдік деңгейдегі сахнада өнер көрсету – үлкен арманның орындалуы. Италияның Портофино қаласында өткен байқау – осы арманның шынайы өмірге айналған сәті болды. Опералық театрлардың агенттері мен директорлары, әлемдік деңгейдегі маэстролардың алдында өнер көрсету – өнер жолындағы кез келген жас талант үшін баға жетпес мүмкіндік.

Жас әнші қызымыздың өзі де бұл байқауды болашақтың есігі ретінде бағалайды. Қазірдің өзінде оған Флоренция мен Сан-Карло опера театрларынан тыңдалымға шақырулар келіп түскен. Оңтүстік Америка театрлары да байланыс орнатып, шақырту жіберіп жатыр.

Мен әрдайым үлкен сахнада ән айтуды армандадым. Опера – менің жаныммен үндес өнер, – дейді ол.

Ла Скала – өнердегі жаңа белес

Бүгінде ол әлемдегі ең беделді академиялардың бірі – Миландағы Ла Скала академиясымен екі жылдық келісімшарт негізінде келісімшартқа отырған. 

Биыл Ла-Скала академиясына оқуға түстім. Оқуға дайындалып жатырмын. Бұйырса, қараша айында менде дебют болады. Ла-Скала театрымен екі жылға келісімшартқа отырдым. Екі жыл бойы сол театрда жұмыс істеп, гастрольдік сапарлар, спектакль, концерттерге қатысып, Еуропа сахналарында өнер көрсетемін, - дейді талантты әнші.

Бұл академия – жас опера әншілерін кәсіби деңгейге дайындайтын ең таңдаулы орталықтардың бірі. 

Пласидо Доминго, Лучано Паваротти, Монсеррат Кабалье сынды аңыз әншілердің бәрі осы жерден бастау алған. Алғашқы финал кезінде Ла Скала сахнасына шыққан сәтімді ешқашан ұмытпаймын. Сахнаға шыққанда 20-дан астам қазылар алқасының алдында тұру – үлкен жауапкершілік пен толқу. Бұл жерде әлемдік деңгейдегі тұлғалар өнер көрсеткенін сезіну – өзіңе де үлкен талап қою, – дейді әнші.

Дауыс пен репертуар – үйлесімнің маңызы

Опера өнерінде дұрыс репертуар таңдау – жетістікке апарар жолдың бірден-бір кілті. Әнші — лирикалық колоратуралық сопрано дауысының иесі. Бұл дауыс иелері үшін арнайы жазылған шығармалар бар.

Әнді сезінбесең, композитордың жан дүниесін түсінбесең, шынайы өнер тумайды. Репертуар – бұл жай ғана ән емес, сенің дауысыңмен үндесіп, жан-тәніңмен бірігіп кетуі керек, – дейді ол.

Мақтау мен мойындау – еңбектің жемісі

Байқау финалынан кейін оны Қазақстан Президенті арнайы құттықтады

Бұл — мен үшін күтпеген, бірақ жүрекке жылу берген сәт болды. Елде де, шетелде де қазақ мәдениетінің кең таралуы мені ерекше қуантады. Италияның Портофино қаласында менің өнерімнен кейін жергілікті жұрт қазақ халқы туралы айта бастады. Бұл – үлкен мәртебе, – дейді ол.

Шығармашылық – ұдайы ізденіс пен еңбек

Концерттердегі репертуарды маэстро Андреа Бочеллимен бірігіп таңдайды. Ал жеке концерттері үшін ұстаздарымен, вокал педагогтарымен кеңеседі. 

Жақсы педагог — әншінің кәсіби өміріндегі ең маңызды тірек. Менің бұл тұрғыдан жолым болды. Бастапқыда анам бағыт берді, кейін музыкалық мектептегі ұстаздар, ал университетте мені дайындаған Татьяна Николаевна Рудневамен әлі де байланыстамын, – дейді ол.

Кез келген өнердің жүрегі – шынайылық пен эмоция. Жәй ғана техникалық шеберлік емес, жүрекпен айту – бастысы. Қазір бәсекелестік заманы. Бірақ бізге жетіспейтіні – эмоция. Мен сахнада өзімді үйдегідей сезінемін. Жаным ұшады, әнмен бірге ғаламды аралап кетемін, – дейді ол.

Ой тыныштығы – шабыт бастауы

Маған ең керегі – жақсылап демалу, тамақ ішу және жалғыздық. Алдын ала музыка тыңдаймын. Рахманиннің екінші концерті – менің ішкі қуатымды оятатын рухани ритуалым. Кітап оқимын, ойланамын. Ал сахнаға шыққанда мен басқа әлемде жүргендей боламын, – дейді ол.

Жас өнерпаздың таланты мен еңбекқорлығы – көптеген жастарға шабыт. Оның жеңісі – тек жеке жетістік емес, күллі қазақ өнерінің биігі. Әлем сахнасы қазақ даусын тыңдап, танып, танитын күн алыс емес.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов
Өзгелердің жаңалығы