Сағынтаев «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда кедергілер барын айтты
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» талқыланды. Осы орайда Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев әріптестеріне бірнеше тапсырма берді.
«Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» – ауқымды бағдарлама. Сондықтан біз әрбір бастаманы сапалы жүзеге асыруға міндеттіміз. Баяндамадан көріп отырғанымыздай, жалпы барлық бағыттар бойынша жұмыстар орындалып жатыр. Бірінші бастама бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Асқар Мамин, Данияр Ақышевтың тарапынан айтылған ұсыныстарды осы аптаның соңына дейін қарап, жұма күні шешімін шығару керек. Шын мәнінде біраз кедергі бар. Оның бәрін жойып, бағдарламаның жүруін жылдамдатуымыз қажет», - деді Сағынтаев.
Премьер-министр жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту атты екінші бастама орындалғанын айтты. 20 мың білім грантын бөлуді көздейтін үшінші бастаманың бірінші бөлігі жұмысын аяқтады. Екінші бөлігі студенттерді жатақханамен қамтуды көздейді.
«Ерлан Сағадиев, әкімшіліктермен бірлесе отырып, бүгінгі айтылған ұсыныстардың барлығын тағы бір пысықтап алу қажет. Егер биыл 5 мың жатақхана орны тапсырылуы керек болса, онда соның барлығын орындауымыз қажет», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің сөзіне қарағанда, халық табысының артуын қамтамасыз ету үшін өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халыққа микронесие беруді көздейтін төртінші бастама бойынша негізінен индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бірақ талап етілген сапасы өте төмен. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмеген микронесиелер 4 өңірден басқа облыстарда 100 пайыздан төмен игерілген.
«Бесінші бастама бойынша уақытында салынып, іске қосылуын қамтамасыз етуіміз қажет. Қанат Бозымбаев, жұмыс жүргізіліп жатыр, бақылауыңызда болсын», - деді Премьер-Министр «Сарыарқа» магистралды газ құбырының құрылысына жауапты Энергетика министріне.