Сағадат Нұрмағамбетовтің ғасырлық мерейтойына орай симпозиум өтті
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның бірінші қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған шара Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шараны «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ және «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесі ұйымдастырды. Симпозиумға Қорғаныс министрлігінің, Президент мұрағатының, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының, Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы, Қарулы күштердің әскери қызметшілері мен ардагерлері, Астана қаласындағы әскери колледж кадеттері, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қатысушыларды елімізде Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойы аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабардар етті.
Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтында «Әскери ант» телесериалы түсірілді. 25 мамырда оның құрметіне Ақмола облысының Ақкөл қаласында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы ескерткіш пен сквердің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Биылғы жылдың 16-сы мен 23-і маусымы аралығында Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығында халық батырының құрметіне «Айбын» X Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов 1-ші Түркістан пулемет әскери училищесінің түлегі Сағадат Нұрмағамбетовтің Ұлы Отан соғысы тарихындағы бірегей орнын атап өтті.
Әскери қызметке 50 жылдан астам ғұмырын арнаған батыр соғыс жылдарын пулемет взводының командирі ретінде бастап, атқыштар батальонының командирі болып аяқтады. Ұлы Отан соғысында Кубаннан Берлинге дейінгі жолды өтті. Оның үзеңгілес досы, жауынгерлік серігі, офицер, соғысқа қатысушы Леонид Гирш Сағадат Нұрмағамбетовтің бүкіл соғыста майданда, оқ пен оттың арасында өткергенін айтады, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
Қорғаныс ведомствосының басшысы ұлт мақтанышы армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің есімі мен ерлігі Тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылғанын және келер ұрпақ үшін рухани мұра болып қала беретінін атап өтті.
«Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Халық қаһарманы армия генералы Мұхтар Алтынбаев көз көрген басшысы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.
«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ президенті генерал-майор Асхат Рыспаев армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің мерейтойына арналған ғылыми-зерттеу жұмысын таныстырды.
Президент мұрағатының директоры Әлия Мұстафина өз сөзінде армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің өмірі мен қызметіне қатысты материалдар мен құжаттарды жинау жұмыстары туралы мәлімдеді. Олардың бір бөлігін симпозиумға қатысушылар Президент мұрағаты ұйымдастырған көрмеде таныса алды.
Қорғаныс министрлігі мен симпозиумға қатысушыларға алғыс айту үшін бейнебайланыс арқылы халық батырының қызы Айсұлу Сағадатқызы Нұрмағамбетова сөз сөйледі.
Шара соңы Қарулы күштердің бірқатар ардагерлеріне «С.Қ. Нұрмағамбетовке 100 жыл» естелік белгісін табыстаумен және Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық ұжымының мерекелік концертімен аяқталды.