Садриддин Ахмедовтің жекпе-жегі сенсациялық нәтижемен аяқталды
Бірінші орта салмақтағы жеңілмеген қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов АҚШ-тағы бокс кешін екінші мәрте басты жекпе-жек ретінде өткізді. Оның мексикалық қарсыласы Элиас Эспадаспен айқасы Калифорния штатындағы Коммерс қаласында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Vesti.kz-ке сілтеме жасап.
Жекпе-жек толық он раундқа созылып, күтпеген жерден тең нәтижемен аяқталды. Бұл жанкүйерлер мен сарапшылар үшін тосын жайт болды, себебі бұған дейін Ахмедов 15 жеңістің 13-ін мерзімінен бұрын аяқтаған болатын. Нокаут болмаса да, Садриддин жекпе-жек барысында сенімді көрінді. Алайда төрешілер шешімі оның өзі мен залдағы көрермендерді таңғалдырды.
Бұл – Ахмедовтің кәсіби мансабындағы алғашқы тең нәтижесі. Бұған дейін ол 15 жекпе-жекте жеңіске жеткен. Дәл осындай нәтиже Эспадастың да карьерасында алғаш рет тіркеліп отыр – оның есебінде 23 жеңіс пен алты жеңіліс болған.
Айта кетейік, АҚШ-та Садриддинді жиі Геннадий Головкинмен салыстырады. Бұған себеп – оның бұрынғы GGG командасымен жұмыс істеуі: атап айтқанда, оның бапкері – Абель Санчес, ал промоутері – Том Леффлер.