Сәдібек Түгел: Парасаттылық – кісілік қасиеттің ең биігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қалалық «ANTIKOR ORTALIGI» ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі, жазушы Сәдібек Түгел бүгін елордада «Парасат жолы» орталығының салтанатты ашылуы барысында осылай деді.

«Парасат жолы» орталығының ашылуы еліміз үшін маңызды. Бұл сайлау алдындағы өте ірі, мәдени қоғамдық жаңалық. Өйткені, бұл жерде зиялы қауым өкілдері бас қосып, білгенін халыққа жеткізеді. Сол арқылы халықты жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейді.  Ал, парасат деген – кісілік қасиеттің ең биігі, - дейді ол.  

Жазушы бәріміздің ортақ мүддеміз – қоғамның бойындағы дерт – жемқорлықты жою екенін баса айтты. 


Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді.  Ал «Парасат жолы» орталығы дәл осы бағытта жұмыс істейтін жүйе. Парасат жолына  түскендер жемқорлықтан қашық жүреді. Қазақты сырттан келіп жау алмайды. Оған тарих куә. Ал іштен шыққан жау – жемқорлықты жоймасақ, өте үлкен күйреуге ұшыраймыз. Бұл өте ауыр дерт. Ал, жемқорлық халық пен мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істегенде ғана жойылады, - дейді ол.

Сәдібек Түгел мұның алдындағы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Жазира Жылқышиеваның «Жұмадағы жүздесу» деген авторлық бағдарламасы әлеуметтік желідегі ең озық бағдарлама болғанын айтады.


Бағдарламаға филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбраев және т.б. белгілі тұлғалар келіп, өздерінің тәжірибелерімен, көрген-білгендерімен, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Аудитория өте жылы қабылдаған бағдарлама болды, - дейді жазушы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы