Сәдібек Түгел «Парасат жолы» жобасының негізгі үш тірегін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Парасат жолы» жобасының негізгі үш тірегі - өзара түсіністік, құрмет пен сенім болып табылады. Бұл туралы республикалық «Парасат жолы» орталығының басшысы, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел Жамбыл облысының Байзақ ауданына іссапары кезінде өткізген кездесуде айтты.

Жамбыл облысына үш күндік іссапармен келген жоба өкілдері Байзақ ауданда болып, бірқатар кездесулер өткізді.

Топ мүшелері алдымен Бурыл ауылдық округінің «Ашық әкімдік» жұмысымен танысты. Сондай-ақ, ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, қоғамда парасаттылықтың деңгейін көтеру, адалдық және әділдік қағидаларын насихаттау, жастарды тәрбиелеу ісіне қатысты ойларымен бөлісті. 

Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында ел игілігіне ұсынылған ауылдық клубты көрді. 160 адамға арналған клубта әдеби және мәдени кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда, мұнда оқырмандар үшін де кітапхана жұмысы іске қосылған. 

Бұдан соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төраға кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен «Парасат жолы» жобасының басшысы Сәбден Түгел Сарыкемер ауылындағы орталық кітапханада «Парасат жолы» жобасы аясында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. 

Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталған Жазира Жақсылыққызы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қолға алынып, атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. 

Қоғам қайраткері Сәдібек Түгел зиялы қауым өкілдері мен жастарды, жалпы, жергілікті халықты парасат жолына түсуге үгіттеу және насихаттау тұрғысында өз ойын ортаға салып, парасаттылық, адалдық қағидаттарын қоғамда қалыптастыру қажеттігін, бастамаға кітапханалар да үлес қосуы керектігіне көңіл аударды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы