Садақ атудан ересектер арасында ашық біріншілік өтті

Екібастұз қаласы Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінің базасында, қазақтың ұлттық спорт өнерінің бірі садақ атудан ересектер арасында ашық біріншілік  өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ашық біріншіліктің ұйымдастырушысы және төрағасы -  "Зерде" мамандырылған дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі  Мұқышев Нұрбек Серікұлы. "Зерде" мектебінде оқушылар арасында садақ ату үйірмесі ашылғанына 2 жыл болды, былтыр төрт садақшы-оқушы Қарағандыда өткен Республикалық турнирден олжалы оралып та үлгерген болатын. Екі жыл талмай, жүйелі  еңбектенудің арқасында Қазақстан Республикасының дәстүрлі садақ ату федерациясынан "Облыстық "Сарсадақ Қоныс" мергендер клубының "  лицензиясын алды. 

Ең жас қатысушы мына жасыл шапандағы бала жасы 7 де

Турнирді Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту, дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Манапов Медғат Жанайдарұлы  қатысушыларға ақжолтай тілегімен ашты.  Турнир  Екібастұз қаласында жаңадан ашылған  Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылым мектебінде өтті.  Бұл мектеп көпсалалы бағытта жұмыс істемек. Құрылтайшысы Ерлан Аманжолұлы да сөз сөйлеп, ұлттық рухтың асқақтауына дәстүрлі ұлттық ойындардың маңыздылығына тоқтала келе спортшыларға жеңіс тіледі. 

Еркектер арасында 1 орын алған өзге ұлт өкілі

Ашық біріншілікке Республикамыздың түпкір-түкпірінен командалық және жекелей сында 120 спортшы қатысты. Атап айтсақ, Екібастұз, Павлодар, Семей, Қарағанды, Астана, Маңғыстау, Атырау қалаларынан, Ақсу-Аюлы, Бұқар-Жырау аудандары (Қарағанды облысы), Аягөз (Абай облысы), Ақкөл (Екібастұз ауданы), Баянауыл және Баянауыл ауданының Майқайың, Құндыкөл, Егіндібұлақ ауылдарынан жасөспірім оқушылар командалары келді.

Ересектер арасында Бас жүлде Семейлік "Алаш" садақ ату клубының мүшесі Дулат Қысатай.

Ойын тәртібі бойынша, 10 жасқа дейінгі балалар 10 метрлік қашықтықтан адырнасын он рет тартып, екі айналым нысана көздеді. Осы тәртіпте 10-15 жас аралығындағы ұл және қыз балалар сайысқа түсті. Ересектер 20,25,30 метр қашықтықтан жамбы атты. Ойын сәт сайын қыза түсті.  Садағын шірене тартқан спортшылар түгілі жанкүйерлердің делебесі қозды. Садақ тартып қызықтаған  жанкүйер: " Жебені шірене тартып, садақтың шықырлаған дауысын, жебенің суылдап ұшқанын естігенде рухың қозып, бойыңды тылсым бір күш кернейді екен" - дегені бұндай ойындарға әлеуметтік сұраныс деп түсінген жөн. Жарыс барысында жеңімпаздарға кубоктар мен ақшалай демеушілік көрсеткен өңірлік кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары, "КазЛидерМех" ЖШС басшысы Нұрман Батталғазыұлына, Марат Серікұлына және қалалық дене тәрбиесі бағытының әдіскері Азамат Дүйсенбайұлына алғыс айтамыз. Турнир Наурыз мерекесіне дөп келгендіктен  киіз үй тігіліп, ас тартылып, қымыз, наурызкөже берілуі де алыстан келген қонақтарға деген құрмет еді.  

Садақ ату ойыны Павлодар өңірінде Советтік жетпіс жылда, одан кейінгі отыз жылда алғашқы рет қолға алынып отырғанын қынжыла айтамыз, десек те   қолдау тапқанына қуанамыз. Шұрайлы қоныс, алқапты жайылым үшін жан алысып, жан беріскен заманда Ертіс-Баян өңірінен шыққан батырлардың ерлігі сөзсіз. Бірақ қазіргі таңда бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Солардың бірі, Мәшһүр Жүсіп көп томдықтарында ерлігі хатталған Баянауыл-Шідерті даласындағы қанды қақтығыста көзге түскен, құралайды көзге атқан мерген, садақшы Қоныс батыр өткен екен. Сол майданнан соң жұрт мергендігін дәріптеп, Сарсадақ Қоныс деп атап кетсе керек. 

Осы өңірден шығар болашақ Республикалық және халықаралық турнирлерде топ жарар жеткіншектерді ата-бабаларының аруағы желеп-жебеп жүрсін деген ырымның нышаны ретінде мергендер клубын "Сарсадақ Қоныс" атадық дейді жетекші-ұйымдастырушы.

Алдағы уақытта салқар өнер садақ ату спортын бұдан да жоғары деңгейге көтереріне сенім білдіріп, Мұқышев Нұрбек Серікұлына ризашылығымызды білдіреміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Екібастұз әкімдігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы