Садақ ату өнері атадан қалған аманат – Диас Ахметов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ашық аспан астында тұңғыш рет Садақ ату орталығы ашылды. Іс-шараға республикалық және қалалық Садақ ату федерациясының өкілдері қатысты.
Садақ атуға машықтанатын қолайлы жер туралы Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті Диас Ахметов айтап берді.
Бұл орталық атқа мінуді жақсы көретін адамдар үшін таптырмас мүмкіндік. Болашақта бұл жерде ат-спорт сүйер қауымының қалауымен дәстүрлі садақ ату курстары өтеді. Дәстүрімізді жаңғыртып, рухымызды оятып, атқа мініп, садақ атуға машықтанатын қолайлы жер. Бұл жерге келушілерге төлем үшін арнайы кесте шығарылады. Барлығына қолжетімді баға болады. Аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері халыққа ыңғайлы етіп бөлінеді. Садақ атуға қатты қызыққан адамдарға арнайы кесте шығады. Оның барлығын өзіміздің әлеуметтік желілерімізде жария етеміз. Әзірше тек жазғы уақытта істейді. Бірақ біздің атқораның ішінде манеж бар. Қыста манеждің ішіне нысаналар қойылып, үлкен қашықтықта садақ ататын боламыз, - деді Диас Ахметов.
Классикалық садақ атудан, дәстүрді садақ атудың басты айырмашылығы - классикалық садақ ату олимпиадалық спорттың бір түрі.
Ондағы басты талаптың өзі классикалық үлгіде. Дәстүрлі садақ атуға мүлдем сай келмейді. Ережесі бөлек. Садақтың жасалу жолы да өзгеше. Ал дәстүрлі садақ біздің ата-бабаларымыздан қалған өнеге. Олардан қалған өнерді дәріптеу. Салтымызды қайтадан жаңғырту қазіргі таңда қарқынды дамуда. Қазақтар садақты неден жасады, қандай ағашты пайдаланып, қандай оқты жонғандығын көріп, білуге мүмкіндік алады. Өзім дәстүрлі садақ атуға үш жыл бұрын келдім. Қазақтың қанында бар дүние болғандықтан, қолыма садақ ұстағаннан бастап, садақ атумен айналысып келемін. Садақ ату өнері атадан қалған аманат. Көптеген Республикалық жарыстардың жеңімпазы болдым. Жақында Стамбулда өткен әлемдік турнирға қатыстық. Біраз дүние үйрендік, - деді ол.
Садақ атуға қызығушылық танытқан балалар мен ересектерге жас шектеу жоқ.
Көбіне алты жастан асқан балалар қатысады. Қазіргі таңда жүзге жуық шәкірттерім бар. Балалар мен ересектердің қауіпсіздігі қолға алынған. Садақты қолға алмас бұрын қауіпсіздік ережесімен танысады. Балалар бапкерлердің нұсқауымен садақ атып машықтанады. Бұл жерде бір инструктор және оның көмекшісі болады. Жалпы Қазақстан бойынша көптеген жаттықтырушылар бар. Өзімнің клубымда екі көмекшім бар. Тұрғындарды ынталандыру мақсатында үш-төрт мектекпте лекция өткіздік, наурыз мейрамында дәстүрлі садақты оқушыларға насихаттадық. Балалар күнінде де мектеп ауласында балаларға садақ атуды үйреттік, - деді Диас Ахметов.
Дәстүрлі садақ атудың пайдасы мол. Ол адамға рух беріп, көздің де көру қабілетін жақсартады.
Дене бітімнің сымбатты болуы үшін пайдалы. Сабырлы мінезді қалыптастыруға, өзін-өзін тәрбиелеуге, бойға сенімділік ұялатуға көмектеседі. Шетелге шыққанымызда біздің садақ ату машығымызға бәрі қатты таң қалды. Қазақстанда бұл спорт түрі екі жылдан бастап қарқынды дамуда. Олар біздің садақшылардың дәстүрлі садаққа махаббатына қызығушылық танытып, біздің елдің садақ атудан әлемдік деңгейге көтерілуіне сенетіндіктерін айтты,-дейді Диас Ахметов.
Қазақ мерегендерінің садақ ату өнерін дамытып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп жатқандығы қуанышты жағдай.
Ұлттық спорт қауымдастығына жалпы жиыны жеті түрлі спорт түрі және алты федерация кіреді. Дәстүрлі садақ ату осы жеті спорт түрінің ішіндегі бұқаралық сипатқа көбірек таралуға мүмкіндігі бар, потенциалы жоғары спорт. Басқа спорттарға ат қатысады ғой. Көп жерде жылқымен қамтамасыз ету қиын болуы мүмкін. Ал дәстүрлі садақ атуға қолыңда садағың мен жебең болса жетіп жатыр .Аттың үстінде отырып садақ атумен, жерде тұрып садақ ату тамырлас дүниелер. Шетелде де екі спорт түрін қатар дамытады. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының жанындағы Qazanat ат-спорт клубының жанынан дәстүрлі садақ ату орталығының ашылуы жақсы үрдіс. Менің ойымша бұл жастардың хоббиіне айналып, кәсіби дамуға жол ашатын баспалдақ. Әлемде дәстүрлі садақ бойынша қалыптасқан әр түрлі мәдениеттер бар. Корей мәдениеті, шығыстық мәдениет, ирандық мәдениет, түріктердің өз мәдениеті бар. Сол сияқты біз де қазақы мәдениетімізді қалпына келтіріп, өрісін кеңейтудеміз, - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.
Ұлтымыздың дәстүрлі садақ атуы түркі халықтарының садақ атуына ұқсас. Қазақы аттың үстіндегі садақ атудың өзіне тән ерекшелігі, нысанаға дөп тигізу.
Қазір әлем бойынша қырыққа жуық елдер ат үстінде садақ атуды дамытуда. Біз бірнеше халықаралық жарыстарға бардық. Шетелдік садақ атушылар қазақтың ат үстінде садақ ату техникасы өте күрделі екендігін айтты. Расында да біздік садақ ату стиліміз күрделі. Себебі, басқа елдерде садақшы мен жылқы ғана қозғалып, нысана қозғалмайды. Ал бізде жамбы да, садақшы да қозғалады. Бұл тек қана аттың үстіндегі мығымдық пен садақты дұрыс ұстауды ғана емес, үнемі қозғалыс үстіндегі нысананы дәл көздеуді, қырағылықты талап етеді, - деді ол.
Айта кету керек, Оңтүстік Африка республикасында өтетін жарыстарда бұл стильді өздерінің турнирларына қосқан.
Осыдан екі жыл бұрын Кореяда қазақ стилін бір жарыстың бағдарламасына қоса бастады. Әрине біз қазір мұны әлемдік чемпионаттың бөлігі деп айта алмаймыз. Бірақ өңірлік турнирлерде бағдарлама ретінде қосылады. Садақ атуға қызығушылығы бар адамдардың әлемдік деңгейге көтерілуіне мүмкіндік басқа спорт түрлеріне қарағанда жоғары. Бұл жаугершілік заманнан бері, қазақ халқының қанына сіңген, барша халыққа тән құндылық,-дейді Рахат Жақсыбай.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының дәстүрлі садақ ату бойынша әйелдер категориясының чемпионы Айым Тілепберген де қатысты.
Осыдан екі жыл бұрын садақ атумен айналыса бастадым. Жақын арада Стамбул қаласында өткен халықаралық жарыстан келдік. Сайыста әзірше үздік нәтиже көрсете алмадық, дегенмен болашақта жеңімпаз боларымызға сенемін. Елімізде садақ ату өнері үш жылдан бері дамып келе жатыр. Ал көрші қырғыздар болса бүгінгі күні әлемдік элитаға кіріп тұр. Олар бізден он үш, он төрт жыл бұрын дәстүрлі садақ атуды қолға алды. Біз де жақын арада осындай бейік нәтижелерге жетеміз деген үміттеміз. Бүгінде ҚР құрамында бес ер адам,үш әйел адам бар. Бірақ Түркия Республикасына өтініш жасап он төрт адам болып бардық. Бәріміз жақсы өнер көрсеттік. Үздік нәтижеге жете алмаған себебіміз садақ ату өнері отанымызда енді-енді тәй-тәй басып келеді ғой, - деді Айым Тілепберген.
Еліміздің әр өңірінде осындай клубтар ашылып жатыр. Екі жылдың ішінде мемлекетімізде садақ атумен кәсіби түрде айналысып жатқан алты жүзден астам садақшы бар.
Жалпы дәстүрлі садақ ату спорты ер адамға ғана тән спорт түрі емес. Әйел адамдар да, ер адамдар да, жасөспірімдер мен балалар да шұғылдана алатын спорт түрі. Жарысқа қатысар алдында әйел адамдарға да ер адамдармен тең дәрежеде квота бөлінеді.
Кезінде жаугершілік заманда қазақ қыздары да атқа қонып, қолдарына садақ алып, ел қорғағаны баршаға мәлім. 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен олимпиада ойындарын тамашалап отырған кезімде садақ атуға қызығушылығым пайда болды. Ол кезде классикалық садақ атудан жарыс өтті. Біздің садақшылар әттеген-ай финалға өте алмай қалды деп отырған кезде Түркияның 18 жасқа жаңа толған жас садақшысы үздіктер қатарына ілікті. 2016 жылы ол спортшы алтын ала алған жоқ. Дегенмен 2021 жылы Токио олимпиадасында алты алды. Бұл өнерге қызыққаным сонша, 2016 жылы классикалық садақ ату спортына жазылдым. Бастапқыда хобби ретінде шұғылдандым. Екі жыл бұрын дәстүрлі садақ атудың бар екенін білдім. Салтымызды дәріптеп, дәстүрге сай киінетіндіктеріне қызығып, садақ ату ережелерін ұнатқандықтан дәстүрлі садақ атумен айналыса бастадым, - деді ол.
Жақында мамыр айының 27-29 аралығында Түркияда үлкен фестиваль ұйымдастырады. Оған 32 елден 500 астам спортшы қатысты. Дәстүрлі садақ атуға 195 садақшы қатысты. Оның 65-і әйелдер, қалғаны ерлер.
Садақ ату жерде тұрып ату және жамбы ату болып екіге бөлінеді. Қазақтарда аттың үстінде де, жерде де жамбы ату бар. Жамбы үнемі қозғалыста болатын нысана. Жамбының ату диаметрі 25 см ғана болады. 30 метр қашықтықтан диаметрі 25 см ғана жамбыға оқ атып тигізу қиын. Кейде оқ тиеді де түсіп қалады, кейде жанап өтеді. Ал ереже бойынша жебе нысанаға қадалып тұруы қажет. Олимпиядалық қашықтық деген болады. Ол 70 метр. Осы жолы сайысқа барғанда ерлер 70 мертрден, әйелдер 60 метрден садақ атты. Одан да жақын болуы мүмкін. Мысалы қырғыздарда 35-40 метрден атуға болады. Кореяда 50 метр. Түркияда 60 пен 70 метр. Қазақстанда 50 метр. Әр мемлекет өзінің нысанасын қойып, қашықтықты белгілейді,- дейді Айым Тілепберген.
Раушан НҰРҒАЛИЕВА