Сабыржан Аққалықов бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақтан қоржыны бір алтын, екі күміс медальмен толықты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Сабыржан Аққалықов бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы атанды. Ол 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Дүниежүзілік біріншіліктің финалында отандасымыз украиналық Бозорбой Матякубовты 5:0 есебімен ұтты.
Сүйінші! Польшаның Кельце қаласында бокстан жастар арасында өткен әлем чемпионатында қарағандылық бокс түлегі Сабыржан Аққалықов 64 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернат-колледжінде оқып жүрген жас боксшыны толайым табысымен құттықтап, алдағы уақытта Қарағанды бокс мектебінің даңқын шығарған былғары қолғап шеберлерінің лайықты ізбасары болуына тілектеспіз, - деп жазды Facebook-тегі парақшасында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек .
Ал 56 келіде жұдырықтасқан Ерболат Сабыр мен 60 келідегі Елнұр Сүйінбай әлем біріншілігінің күміс жүлдегерлері атанды.