Сабильянов: Конституциялық реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру

Қазақстанда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі ашық форматта талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов реформаның мәні басқару формасында емес, елдің дамуы мен халықтың тұрмысын жақсартуда екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған ең ауқымды бастамалардың бірі – бір палаталы Құрылтай құру мәселесі.

Қазір елімізде екі палаталы Парламент бар – Мәжіліс пен Сенат. Мұндағы басты мақсат – елдің дамуына атсалысу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Мәселе реформада емес, мәселе халықтың тұрмысын жақсартып, тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді одан әрі дамытуда. Жалпы реформа сол үшін жасалады, – дейді ол.

Нұртай Сабильяновтың сөзінше, Құрылтай заң шығаратын ең жоғары орган ретінде жұмыс істеуі мүмкін. Оның негізгі қызметіне Үкіметтен келіп түсетін заң жобаларын, Құрылтай депутаттарының бастамаларын, сондай-ақ Халық кеңесі ұсынатын заң жобаларын қарау кіруі ықтимал.

Сонымен қатар депутат бұл өзгерістер бұрын депутат болып қызмет атқарған азаматтарға қиындық тудырмайтынын айтты.

Меніңше, кімнің білімі мен біліктілігі жеткілікті, сол әрі қарай да жұмысын жалғастыра алады. Депутаттың басты міндеті – халықтың жағдайын жақсарту, – дейді ол.

Еске салайық, Мәжіліс депутаты әрі экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берді. Онда еліміздегі бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы