Сабақтан қалған оқушылар бақылауға алынады: 21 қарашадан бастап маңызды өзгеріс болады?
21 қарашадан бастап Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу қағидалары жаңартылады. Бұл туралы Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елімізде 0-ден 18 жасқа дейінгі балалардың бірыңғай деректер базасы жүргізіледі. Оған мектеп оқушылары, мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар, біліммен қамтылмаған және дәлелді себепсіз сабақтарды жүйелі түрде босататын балалар туралы мәліметтер енгізіледі.
Сабақты тұрақты түрде себепсіз қалдыру деректері туралы ақпарат ай сайын полициямен келісіліп, әр айдың 10-на дейін Ұлттық білім беру деректер базасына енгізіледі.
Буллингке қатысты әрекет ету тәртібі де өзгереді. Білім беруді басқару органдары қорлау мен қудалау туралы түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.
Сонымен қатар мектептер балаларға психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыруы тиіс.