Сабақ vs демалыс: Жазғы каникулда бала немен айналысқаны дұрыс?
Жаз мезгілі бәрінің асыға күтетін кезеңі. Жаз басталғанда оқушылар каникулға шықса, үлкендер жағы еңбек демалысын алады. Бірі ауылға барғысы келеді, енді бірі шетел асып, ел көргісі келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда балалардың жазғы демалысын қалай тиімді ұйымдастыруға болатынын «Өркен» ұлттық ғылыми-практикалық балалардың хал-ахуалы институтының аға ғылыми қызметкері, психолог Назира Оспанбектен сұрап көрдік.
Жазда балалардың немен айналысқаны дұрыс?
Жаз мезгілі - ол балалардың ғана емес, үлкендердің де асыға күтетін бір кезеңі. Бұл кезде адамның ойы да, бар көңілі де, тіпті ағзасы да, демалысты, қандай да бір релакс сәттерді күтетін мезгіл, яғни адам саналы түрде демалатын кезең. Жазды күш-қуатымызды қалыпқа келтіретін кезең деп түсінеміз. Сол себептен адамның көңіл-күйі саяхатқа шығуға дайындала бастайды.
Жалпы жазғы демалыста 90 күн, яғни 3 ай бойы көп ата-ана балаларды тек бір жаққа қыдырту, апару деген ойлармен ғана шектеліп қалуы мүмкін. Алайда бір жаққа бару, яғни саяхаттың өзі баланың психикасына күйзеліс жағдайлар алып келуі мүмкін. Кез келген саяхат немесе тіпті көрші қала болсын, мейлі басқа ел болсын, демалыстың ұзақтығы үш аптадан аспағаны дұрыс. Себебі, баланың бойында басқа жердің ауасына, табиғатына үйренісу процестері болады. Ол оның бәрі баланың ағзасына күйзеліс болады.
Оның тек қыдырумен, саяхатпен шектелмей, демалысты қалай пайдалы өткізген дұрыс? Қандай кеңес айта аласыз?
Жазда баланың бос уақыты көп болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, баланың бойындағы таланты, ерекшелігі мен мықты тұсын дамытуға назар аударуға болады. Мысалы, дәл осы кезде баланың қызығушылығына байланысты үйірмелерге жазып не болмаса сурет, сызу сияқты шығармашылық сабақтарға жазуға болады. Бұл баланың шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Себебі мектепте әр балаға бірдей назар бөлінбеуі мүмкін.
Мектепте балалар 9 ай бойы білім алады. Енді демалыста балаға тағы да қосымша білім беріп, неше түрлі үйірмелерге жіберген дұрыс па?
Әрине, ол баланың үлгеріміне байланысты, баланың қаншалықты ақпаратты қабылдауына, сабақты тез беріліп жатқан ақпаратты есте сақтау процесстерінің қаншалықты сапалы этикалық және бала осы ақпаратты қолдана алатынына байланысты болады. Егер баланың үлгерімі, білім деңгейі жақсы болса, онда ол 3 айды жоғарыда айтқанымдай, шығармашылық ізденіске, дамуға арнағаны абзалырақ болады. Себебі бала 9 ай бойы логикалық жұмыспен, анализ жасаумен, есеп шығарумен айналысады. Бірақ үлгерімі нашар болып, қандай да бір пәннен әлсіз болса, онда сол сабақты қосымшаға қатысу арқылы қайталаса болады.
Айта кетерлігі, кейбір ата-аналардың балаларына “сабақ бітті”, “ештеңе қарама”, “ қолыңа қалам ұстама” деп айтып жатады. Бұл - дұрыс емес. Себебі баланың үш ай ішінде қалыптасқан дағдылары түсіп, төмендеп кетуі мүмкін. Бәріміз білетіндей, кез келген дағды 21 күнде қалыптасады, яғни адам 21 күнде бір әрекетті жасай беретін болса, ол оның тұрақты дағдысына, әдетіне айналады. Сол себептен баланың тіл байлығы, есте сақтау қабілеті дамысын десеңіз, онда 21 күн бойы баламен бірге кітап оқып, оны талқылауды әдетке айналдырыңыздар. Сол кезде баланың есте сақтау, оқу, ақпаратты өңдеу қабілеті дами түседі.
Өзім де анамын. Қазір балам тек қана шығармашылықпен айналысып, спорттық үйірмелерге барады. Уақыт ыңғайлы болса, 2-3 күнде бір рет кітап оқып, сурет саламыз.
Баланың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігі де маңызды мәселелердің бірі. Баланы жазда түрлі қауіптен қалай қорғаймыз?
Қауіпсіздік ережелерін балаларға үйрету өте маңызды. Қауіпсіздік ережелері әртүрлі топқа бөлінеді. Яғни бала үйде жалғыз қалғанда не істеу керек? Сыртқа жалғыз шыққанда не істеу керек? Одан кейін су жағасында болғанда не істеп, не істеуге болмайды деген сияқты қауіпсіздік шараларын үйрету керек. Демалысқа, саяхатқа шыққанда бізде міндетті түрде ата-ана баланың өмірі үшін жауапты екенін естен шығармау керек.
Судың жағасына, тауда сондай бір табиғат аясында болған кезде бала көзден таса қалмауы керек. Міндетті түрде оның іс-әрекетін бақылап, қадағалап, бағалап отыру керек.
Ал үйдегі қауіпсіздікке келер болсақ, көбіне 5-6 сынып жасындағы балалар, әсіресе қалалық жерлерде үйде жалғыз қалады. Сол кезде міндетті түрде электр жүйесімен байланысты қауіпсіздік ережесін түсіндіру керек. Мысалы, үтікті қосып кетуге болмайды, электр құрылғыларын өшіріп жүру керегін, көпқабатты үй болса, терезеге мінуге болмайтынын үнемі айтып отырған абзал.
Ең бастысы бала үйде жалғыз қалған кезде есікті ешкімге ашпау керегін ескерту қажет.
Қауіпсіздік шарасы ауқымды тақырып. Көлге барған кезде баланың суға түсетін жері қауіпсіз екенін тексеру қажет. Оған қоса баланы суға жалғыз жіберуге болмайды.
Күннің астында жүріп, суға көп түскен пайдалы деп ойлаймыз. Бірақ оның өз нормасы бар екенін естен шығармау керек. Себебі ол баланың ағзасына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі баланың ағасы әлі жетіліп жатыр.
Баланың психологиялық жай-күйіне қалай көңіл бөлу керек?
Баланың психологиялық жай-күйі, көңіл-күйі жайлы болу үшін ең алдымен тамақтану, ұйықтау режимі дұрыс болуы керек. Балалар күніне 4 уақыт тамақтанудың орнына екі-ақ уақыт тамақ ішеді. Түске дейін ұйықтап, сосын таңғы ас пен түскі асты қосып ішетіні жасырын емес. Әрине, енді отбасы болғаннан кейін неше түрлі жағдайлар болып тұратыны түсінікті. Бірақ баланы үш айы бойы осындай режимге түсіру баланы дұрыс емес. Себебі ағзада түрлі физиологиялық, физикалық процестер жүріп жатады. Оның бәрі баланың дамуына, жалпы көңіл-күйіне, интелектуалдық ұстанымына, эмоцианалдық күйіне жауап береді. Сол себептен, баланың ұйқы мен тамақтану режиміне дұрыс болуы керек.
Жазда балалар түннің бір уақытына дейін телефон қарап, түрлі ойындар ойнап, кеш ұйықтауы мүмкін. Бұл да баланың психологиялық халіне, жалпы көңіл-күйіне өте үлкен әсер етеді.
Оған қоса жазда бала көп уақытын үйде өткізетіндіктен баланың көңіл-күйі, жалпы ішкі сезімі, жағдайы қасындағы адамдарға тікелей байланысты болады. Ол оның ата-анасы, отбасы. Сол себептен осы берілген уақытты мүмкіндігінше тиімді пайдаланып, баламен бірге саяхатқа шығып, жазғы демалысты тиімді және баланың есте қалатындай өткізуге тырысу қажет. Мысалы, отбасылық ойындар ойнап, өлең айту, пикник, спорттық ойындар, баламен бірге жүгіру, секіру. Осындай сәттер баланың эмоционалдық жай-күйіне тікелей әсер етеді.
Ал тілазар балалармен ата-ана қалай жұмыс істегені дұрыс?
Қазір әр екі баланың біреуі өзінікін істететін, айтқанды тыңдай бермейтін тілазар шығар. Мұндай балалардың мінез-құлқы, жасап жатқан әрекеті, оның эмоционалдық қажеттіліктерін сипаттайды.
Кикілжіңге жақын баламен ата-ана барынша ашық сөйлесіп, қарым-қатынасқа назар аударуы керек. Яғни баламен сөйлесу арқылы ата-ана баламен байланысын дұрыстап, оның мінез-құлқын ретке келтіре алады. Неге бала тыңдамайды? Неге ата-ананы ашуландырады? Бала осындай мінез-құлқымен негативті түрде болса да өзіне назар аудартқысы келеді екен. Көп ата-ана жұмысбасты, сыртта жүретіні белгілі. Сондықтан жұмыстан қол босағанда күніне 15-20 минут назарды тек балаға бағыттап, сырласу қажет.
Жалпы баланың жазғы демалысын ұйымдастыру кезінде ата-аналармен де жұмыс жүргізу маңызды. Өйткені көптеген қайғылы оқиға, баланың денсаулығына зиян келтіретін жағдайлар ата-ананың немқұрайлығынан да болып жатады. Сол себептен баланың денсаулығы, өмірі, көңіл-күйі тек жазғы мезгілде ғана емес, ол өсіп-өнгенге дейін ата-ананың жауапкершілігінде екенін есте сақтау маңызды.
Назира ханым, уақыт бөліп сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын!
Эльнура Бисенғали