Сабантой мерекесіне Татарстаннан қонақтар келді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» саябағында дәстүрлі Сабантой мерекесі тойланды. Іс-шараға Татарстан Республикасынан арнайы келген қонақтар да қатысты.

Салтанатты жиынның ашылуында Қостанай облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Бибігүл Аққожина қонақтар мен қала жұртшылығын мерекемен құттықтап, татар-башқұрт қауымдастығының өңірдегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүргенін атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, биыл Қостанай қаласына 140 жыл толады. Осы шаһарда татарлар тұрғызған тарихи ғимараттар бар. Солардың ішінде ағайынды Яушевтер салдырған мешіт тарихи ескерткіштердің қатарында. Бүгінде «Дуслық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығы мүшелерінің сіңіріп жатқан еңбегі орасан», - деді Бибігүл Аққожина.

Қазақстанда 270 мыңнан артық татар тұрады. Ал, Қостанай облысында 16 мыңнан астам. Оларға атамекеніндегі қандастарының ыстық сәлемін Татарстан Республикасының өндіріс және сауда-саттық вице-министрі Ильдар Мингалеев жеткізді.

«Бұл еңбек мерекесі бізге жасампаздық қуанышын сыйлап, бай, қауатты күн кешуге талпындырады, арамызда достық қарым-қатынас қалыптастырады. Сабантой – ежелден бергі лайланбаған бұлақ сияқты. Одан татар мәдениетін, ғасырлар бойғы даналықты, халқымыздың еңбексүйгіштігін, қонақжай мінезін көруге болады», - деді Ильдар Мингалеев.

Ол татар мен қазақ халқының рухани байланысы тереңнен тамыр тартқанын тілге тиек етіп, екі елдің достығы жалғаса беруін тіледі.

Өңірдегі ән, би ансамбльдерінің концерттік бағдарламасында Қазан қаласынан келген әнші Гүлназ Сираева да өнер көрсетті.

Саябаққа жиналған жұртшылық татар халқының ұлттық ойындары мен спорттық жарыстарды, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы