Сабақтарын музыкалық залдарда өткізуге тура келеді: Депутат спорт залы жоқ мектептер туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Халық партиясы» фракциясының депутаттары Үкіметке спорт залдары жоқ мектептер мәселесіне қатысты сауал жолдады.
Дене шынықтыру сабағы да бұқаралық спорт. Бірақ бұл көптеген қазақстандық оқушыға қолжетімсіз. Қазақстан Халық партиясы Үкіметтен осы әділетсіздікті түзетуді талап етіп отыр.
ҚХП атынан сайланған Мәжіліс депутаты Сергей Решетниковтің айтуынша, нұсқаулық бойынша мектеп бағдарламасындағы дене шынықтыру сабақтарына аптасына үш сағат бөлінеді. Тек кейбір балалардың дене шынықтырумен айналысатын жері жоқ. Мектептерде, әсіресе ауылдық жерлерде спорттық инфрақұрылым мен жабдықтар жетіспейді.
Өкінішке қарай, елімізде спорт залдары жоқ мектептер бар және бұл мәселе бүгін немесе кеше пайда болған жоқ. Ұлттық білім беру базасының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта ел мектептерінің 11%-ында спорт залдары жоқ. Осыған байланысты дене шынықтыру сабақтарын ауа райына байланысты ашық алаңдарда немесе оған арналмаған үй-жайларда, музыкалық залдарда немесе холлдарда өткізуге тура келеді. Мұндай мектептердің негізгі бөлігі ауылда орналасқан, – деді депутат.
Спорт залдары тек өңірлерде ғана емес, мегаполистерде де жетіспейді. Спорт залдары жоқ мектептер Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте және республиканың басқа да қалаларында бар.
Қазір елімізде 65,5 мыңнан астам бала мектепте дене шынықтырумен айналысу мүмкіндігінен айырылған. Әрине, мемлекет мәселені шешуге тырысуда. Бірақ процесс өте баяу жүріп жатыр. 2023 жылға дейін 159 ауылдық мектептегі проблеманы шешпек. 2021 жылға 64 жаңа мектеп, 29 спорт алаңы, 7 спорт залының құрылысы және 2 спорт залын қайта жаңарту жоспарланған, - делінген депутаттар сауалында.
Сергей Решетников атап өткендей, дене шынықтырумен айналысуда физикалық және функционалдық тұрғыдан тозған спорттық жабдықтарды жаңартуға да маңыз беру керек. Ұлттық білім беру базасының мәліметтері бойынша, қазір 1796 мектепте мектеп бағдарламасы аясында қажетті спорт жабдықтары жетіспейді. Көбінесе бұдан ауыл мектептері зардап шегіп отыр.
Қазақстан Халық партиясы Үкіметті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, спорт залдарының жетіспеушілігі және мектептерді қажетті спорттық жабдықтармен жарақтандыру мәселесін дереу шешуге шақырды.