Сағынтаев білім беру нысандарының құрылыс барысымен танысты

Алматы, BAQ.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы біліма беру нысандарының құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы ол instagram-дағы парақшасында жазды.


Әуезов ауданындағы Мамыр ықшам ауданында 1200 балаға және Түрксіб ауданының Нұршашқанында 600 орынға арналған мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ Бостандық ауданында 300 орынды, Алатау ауданына қарасты Қарасу ықш. 192 орынды және Медеу ауданының Думанында 850 балаға арналған мектепке жапсарлай салынған нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. 350 балаға арналған №5 музыка мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, SEN көпсалалы жеке музыкалық орталығы ашылды, - деп жазды әкім.

Сонымен қатар, ол жаңа салынған нысандар мектептегі оқушылар тығыздығын азайтуға мүмкіндік беретінін жазды. 


Мысалы, Думандағы мектептерде оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Ал Нұршашқандағы бұл құрылыс Түрксіб ауданының басқа мектептеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін алғашқы салынған нысан. Жаңа білім беру нысандарының іргелес аумақтарын абаттандыруды және кірме жолдар мен тротуарларды ретке келтіруді тапсырдым. Білім мекемелерінің директорларына кезекші сыныптардағы санитарлық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету қажеттігіне мән беруді еске салдым, - деп жазды Сағынтаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы