Сағынтаев аязға байланысты ІІМ мен әкімдіктерге тапсырма берді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бірқатар өңірдегі қатты аязға байланысты Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен әкімдерге тапсырма берді.

«Алдағы тәуліктерде бірқатар өңірде күн қатты суытады. Осыған орай, қауіпсіздік техникасының сақталуына ерекше назар аударуларыңызды сұраймын. Пештер көбірек жағылып, жылу желілерінде жылу көлемі артады. Ішкі істер министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылу беру маусымы аяқталғанға дейін өрт қауіпсіздігі айлығы шарасын жаңартуды тапсырамын. Қасымов мырза, (ІІМ министрі – автор ескертпесі) барлық жылу беру ұйымдарын жеке бақылауыңызға алыңыз. Өңір әкімдіктерінің тұрғын үй – коммуналдық қызметтері тұтынушыларды жылумен және жарықпен қамтамасыз етуі тиіс. Барлығы қатаң, апатсыз жұмыс істеуі керек. Әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауына алуы қажет. Құрметті әкімдер, Қалмұханбет Қасымов, жеке үйлерге тексеріспен келген маманның бірінші айтатыны: «маған төлесеңдер, мен ештеңе тексермеймін». Барлығы осыдан басталады. Осыған назар аударыңыздар. Егер қаталдау болсақ, біз бұндай жағдайға жол бермейміз», - деді Бағытжан Сағынтаев.

Сипоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері елімізде күн қатты суытып, ауа райы бұзылады. Қазірдің өзінде аязға байланысты Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жолдар жабылып, мектептерде сабақ тоқтатылды.

Қымбат Елтайқызы

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы