С5+1: Қазақстан көрші елдермен авиация саласында ынтымақтастықты күшейтпек
Қазақстанда "Орталық Азия – Қытай" (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының авиация саласындағы басшылары, азаматтық авиация агенттіктері мен аэронавигациялық қызметтердің өкілдері қатысып жатыр.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Дархан Катышевтің сөзінше, 2023 жылы отандық әуе компаниялары 13 млн жолаушы, ал 2024 жылы 15 млн-ға жуық адам тасымалдаған. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. Мысалы, әуе компаниялары орындаған рейстердің 55%-ы ішкі болса, 45%-ы халықаралық рейстер.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Орталық Азия елдері және Қытай арасында тасымалдау жыл сайын көбейіп келеді. Пандемиядан кейін осы аймақ елдерінің азаматтық авиация саласында барлық көрсеткіш өсіп жатыр, - деді комитет өкілі.
Оның сөзінше, бүгінгі конференция авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды мақсат етеді.
Авиациялық қауіпсіздік, яғни әуежайлар мен әуекомпанияларын қорғау мәселесі, ұшу қауіпсіздігі, яғни техникалық қауіпсіздік деңгейін көтеру ең маңызды мәселелердің бірі. Сондай-ақ тасымалдау. Да өзекті. Орталық Азия елдері мен Қытайда туризм дамып жатыр. Туризмнің негізгі көлігі - ол әуе көлігі. Мысалы, бірінші конференция нәтижесі бойынша Қазақстан мен Қытай арасында шамамен 60 рейс болатын. Одан кейін елдеріміз тағы бірнеше рейс ашты. Қазір рейс саны 78-ге жетті, - деп түсіндірді Дархан Катышев.
Авиация комитетінің өкілі Қытай мен Қазақстан авиация саласында тәжірибесін бір-біріне бөлісе алатынын айтты.
Конференция барысында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-транзит интеграциясын дамыту, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық әуе бағыттары желісін кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, экологиялық тұрақты авиацияны дамыту, сондай-ақ Еуразиялық азаматтық авиация конференциясына (EACAC) мүше елдердің ынтымақтастығы мәселелері талқыланады. Бұл ұйым 2024 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен құрылған және ИКАО, Еуропалық комиссия, ИАТА сияқты халықаралық құрылымдармен жұмыс істеуде Орталық Азия мемлекеттерінің бірыңғай ұстанымын қалыптастыруды көздейді.
Еске сала кетсек, азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының "C5+1" форматындағы алғашқы конференция 2024 жылғы Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын.