Сәтбаев қаласында 15 көше жаңартылуда – Жеңіс Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екі күн Ұлытау-Жезқазған аймағында жұмыс сапарымен болып қайтқан Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты.

Жезқазған қаласында 440 орынды төрт жұқпалы стационар, 350 орынды пульмопровизорлық госпиталь, 90 орынды екі карантиндік госпиталь бар. Аталған нысандардың толтырылу деңгейі орташа есеппен 60% құрайды. Жұқпалы аурулар ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Күзге дейін бұл нысан пайдалануға берілетін болады. Жезқазған өңірінің медициналық мекемелеріне 14 жасанды тыныс алдыру аппараты сатып алынды. Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясы тағы 13 жасанды тыныс алдыру аппаратын, 150 оттегі концентраторларын, 70 пульсоксиметрлерді және 2 рентген аппаратын сатып алады. Бұл жабдықтар Жезқазған және Сәтбаев ауруханаларына таратылады, – дейді облыс әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, облыста медицина кадрларының жетіспеушілігі байқалады.
Жезқазғанға Қарағандыдан қосымша медиктер бригадасын жіберуді және олардың өмір сүруіне барлық жағдай жасауды тапсырдым. Сондай-ақ, осыған дейін аймақ тұрғындарының дәрі-дәрмектердің жетіспеуіне қатысты шағымдары айтылған болатын. Қазіргі уақытта дәрілердің ірі жеткізілімдері қолға алынды. Бейсенбі және сенбі күндері дәрі-дәрмектердің қосымша партиясы күтілуде. Өңірде дәрілердің бағасын көтеру және дәрі-дәрмектерді рецептсіз сату жағдайлары тіркелді. Бұл фактілер бойынша тергеу шаралары жүргізілуде, – дейді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар, басқа да бірқатар нысандарды, соның ішінде TrikSat тігін-тоқу цехында, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңында болып қайтқанын айтты.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша жергілікті жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Осы бағдарлама бойынша Сәтбаев қаласында 15 көше жаңартылуда. Оның ішінде 20 жылға жуық жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Дүрментаев көшесінің 10 шақырымы бар. Сондай-ақ, төрт мектеп пен үш балабақша күрделі жөндеуден өтуде. Тұрғын үй кезегінде тұрған 72 отбасы үшін екі үйді жобалау жұмыстары іске асырылуда. Бұған қоса өңірде сауда-жәрмеңке кешені салынды. Ұлытау ауылында қуаттылығы тәулігіне 1000 текше метрді құрайтын кәріздік желілер мен кәріздік-тазарту нысандарының құрылысы жүргізілуде. Бұл облыстың ауылдық елді-мекеніндегі су бұру жүйесі бойынша алғашқы жобалардың бірі. Жылыту маусымына дейін барлық жұмыстар аяқталады. Бұл жоба экологиялық жағдай мен аймақтың 2 мың тұрғынының жағдайын айтарлықтай жақсартып, Ұлытауда туризмді дамытуға серпін береді. Жезді кентінде орталық көшені жөндеу, мектеп-интернатты толық жаңғырту және дене шынықтыру – сауықтыру кешенін салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар "Жезқазған-Петропавл" республикалық тас жолының 38 шақырымы мен "Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтпаев" облыстық автомобиль жолының 50 шақырым жолын жөндеу жұмыстарының барысымен таныстым, – деп жазды облыс әкімі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы