Сәресі уақытында қандай берекеттер бар?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасиетті Рамазан айының бір берекеті – сәресі ас ішуде. Тілімізге еніп кеткен сәресі сөзі араб тілінде "сухур" деп аталады. Ол – түннің үшінші бөлігі. Бұл кездегі уақыттың өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені дұғалар қабыл болып, Алла Тағаланың ерекше кешірімі түсетін мезгіл. Сәресі уақытында қандай берекеттер бар?

Бірінші – сүннет мезгілі. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрдайым жасаған амалын орындау арқылы сүннетін іске асырып, сауапқа кенелеміз. Сахаба Зайд ибн Сабит (р.а.): "Біз Алла елшісімен (с.ғ.с) бірге сәресі асын іштік, сосын намазға тұрдық", – дейді. Зайд ибн Сабиттен: "Азан мен сәресі уақытының арасы қанша болған еді?" – деп сұрағанда, сахаба: "Елу аят шамасында", – деп жауап берген (Бұхари). Демек, шынайы ниетпен сәресіге тұру сүннеттің сауабына кенелтеді.

Екіншісі – исламға тән амал. Рамазан айында сәресі асын ішу мұсылман баласына нәсіп болған. Мұндай берекелі дастарқан бұрынғы кітап иелеріне бұйырмаған. Сахаба Амр ибн Ас (р.а.) жеткізген хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде", – деген (Муслим).

Үшіншісі, сәресі аста құт-береке бар. Ораза айында ішкен аста үлкен береке жатыр. Халқымыз "Ас – адамның арқауы" дейді. Өйткені ас дастарқандарда Алланың мейірімі мен ризашылығы болады. Ал қасиетті Рамазан айында сәресі асын ішу – пендеге үлкен берекет нәсіп етеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Сәресін ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар" деген (Бұхари).

Төртіншісі, дұға қабыл болатын мезгіл. Сәресі ас ішуге тұрған кісі дұға-тілек қабыл болатын уақытқа тап болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Сәресі уақытында Алла Тағала: "Сұраушы бар ма, беріледі. Дұға етуші бар ма, қабыл болады. Истиғфар етуші бар ма, күнәсі кешіріледі", – деп айтады" деген (Муслим). 

Бесіншісі, Алла Тағаланың мейірімі түсетін мезгіл. Рамазан айында сәресі ішу – пенде үшін Жаратқанның мейірімі түсетін уақыт. Алла Тағала сәресі ас ішпей-ақ ораза тұтқан адамның оразасын қабыл етеді. Алайда бұл мезгілде ерекше мейірімге, берекеге бөленетінін Пайғамбарымыз арқылы білдіріп, пендесіне рақымдылық танытқан. Сондықтан мұсылман баласы мұндай уақыттың шарапатынан мейілінше пайдалануға асығуы тиіс.

Алтыншысы, періштелер дұға етеді. Сәресі ішкен адамға періштелер де дұға жасайды. Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Расында Алла Тағала және Оның періштелері сәресі ішушілерге рақым етіп, дұға етеді", – деген (Ахмед).

Жетіншісі, денсаулығы жақсарады және тәнге қуат береді. Расында, Рамазан айында сәресі ас ішудің денсаулыққа пайдасы зор. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: "Сәресіге тұрыңдар. Денсаулықтарың жақсарады" деген (Бұхари). Мұнымен қоса сәресі ішкен адамның ғибадат етуіне күш-жігер береді және күндізгі мезгілде сергек болады. Сәресі ішпеген адам бойы әлсіреп, күш-қуатын жоғалтады. Тіпті аузын ашып жіберуге мәжбүр болуы да мүмкін. Сондықтан сәресі уақытында тым болмаса бір жұтым су ішудің өзі күш-қуат береді һәм денсаулыққа пайдасы орасан зор.

Қорыта айтқанда, сәресі мезгілде мұсылман баласы басқа уақыттарда нәсіп бола бермейтін көптеген берекеге қол жеткізеді. Әсіресе бұл мезгілдерде истиғфар айтып, Алладан кешірім тілеудің, тәһәжжуд намаз оқудың, дүние-ақыреті үшін дұға сұраудың қабыл болатын уақыты. Сол үшін Алла Тағала ондай пенделерді былайша сипаттап, мадақтаған: "Олар сәресі уақытында Алладан кешірім тілейді" ("Зарият" сүресі, 18-аят).  Жаратқан Алла оразамызды қабыл етіп, сәресінің берекетін нәсіп етсін! 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ "Насихат және қоғаммен байланыс" бөлімінің меңгерушісі

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы