СҚО-да бір тәулікке жетпей коронавирусқа шалдыққандар саны екі есе артты
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде коронавирусқа шалдыққандар саны екі жарым есе көбейіп, 18 адамға жетті. Олардың қатарында 5 және 6 жасар екі бала бар. Жұқпалы дертке шалдыққандардың ең үлкені 87 жастағы зейнеткер.
Бүгінгі күннен бастап Петропавл қаласы карантинге жабылды. Азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалар ғана, сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындарға сыртқа шығуға тыйым салынған . Жергілікті билік өкілдері көше кезіп жүргендер 26 мың теңге айыппұл төлейтінін немесе бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынатынын жеткізді. Петропавла 5 блок бекет жұмыс істеп жатыр. Қалаға кірмек болған 67 көлік кері қайтарылған.
Жалпы алғанда облыстағы жедел жағдай қалыпты. Тәртіп бұзушылық азайды. Блок бекеттерде полиция қызметкерлері ғана емес, медийина мамандары да жұмыс істеп жатыр. Карантин басталғаннан 103 көлік қала аумағына кіргізілді. Аудандарда да осындай жұмыс жүргізіліп жатыр. 25 блок бекет ашылған, - деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Петропавл қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жұмысын уақытша тоқтатты. Оған мекеме қызметкерінің коронавирусқа шалқыққаны сееп болған. Онымен қатысата болған ұжымның барлы мүшесі, яғни 53 адам карантинге жатқызылған.
Қазір ғимаратта залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай әлеуметтік төлемдерге әсер етпейді. Біз жаңа қызметкерлерді қабылдап жатырмыз. Қала бойынша 10 нүкте ашылып, олар сол жерлерде жұмыс істейді. Бұл адамдардың топтасуына жол бермейді, - дейді Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков.
Күні кеше, 2 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны 7 адам болатын. Бір тәулікке жетпей, олардың саны екі жарым еседен асып, 18 адамға жетті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше науқастардың жағдайы әзірге бірқалыпты.