СҚО ауылдарында су тасқынының қаупі сейілді
Солтүстік Қазақстан облысты, BAQ.KZ тілшісі. Теріскейлік төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары су басу қаупі жоғары елді мекендерді бақылауға алды. Бастапқыда синоптиктер 100-ге тарта ауылды су шаю қаупі төніп тұрғанын айтқан болатын. Табиғи апаттың алдын алу шараларының арқасында бұл көрсеткіш екі есе азайды.
Шағын өзен-көлдердің қар суымен толығуынан зардап шегуі ықтимал аумақтарда құтқарушылар жұмыс істеп жатыр. Арнайы штаб мамандары жағдайды күндіз-түні бақылап отыр. Бұл жөнінде департаментте өткен баспасөз конференциясында ведомство бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Соңғы жылдары болған жағдайды саралай келе, болжам жасадық. Тәжірибеге сүйенеміз. Жыл бойы жұмыс атқардық. Алайда табиғи су қоймаларындағы тіршілік көзінің деңгейі күн сайын көтеріліп келеді. Жылдағы әдет бойынша Айыртау, Шоқан Уәлиханов және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы жағдай біршама ушығып тұр. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуінің себебінен облыс аумағындағы көлдер ернеуінен асып кетті. Департамент құтқарушылары дер кезінде көмек жасап, осы күнге дейін су кірген ауыл тіркелген жоқ. Үй мен аулалаға су кіруіне тосқауыл қою мақсатында 210 тонна жанармай, 43 мың тонна инертті материал, 50 мың қап құм дайындалды, – дейді Нұрлан Атығаев.
Брифингте құтқарушылар түрлі техниканың көмегімен су басу қаупі жоғары аймақтарда 285 мың текше метр қар суын сорғызып, жалпы ұзындығы 18 шақырым арық-тоғандар тазартылғаны айтылды. Уақытша бөгеттер де салынған. Көктем мезгілі басталғаннан бері облыстық және республикалық деңгейдегі жолдардың 40-қа жуық учаскесін су шайған. Осыған қарамстан көлік қозғалысы тоқтатылған жоқ. Халық айналма жолдарды пайданалып жүр.
Қазір Солтүстік Қазақстандағы барша өзен-көлдерде мониторинг жүргізілуде. Төтенше жағдай қызметінің мамандары карантинге қарамастан штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. «Казгидромет» РМК облыстық филиалы мамандарының берген мәліметіне сай, Сергеев қоймасындағы су деңгейі бөгет жотасынан 1,6 метрге асып жатыр. Сондықтан Есіл мен Қызылжар аудандарының аумағындағы өзеннің деңгейі біртіндеп көтерілуде. Жақын күндері Қызылжар қаласының іргесінде тұрған Мичурин және Заречный ауылдары мен саяжайларды су басуы ықтимал. Прибрежный ауылын облыс орталығымен жалғайтын жолды жыл сайын су алады. Биыл да өкінішке қарай солай болатын шығар, - дейді облыстық ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Аудандарда жасақталған жедел штаб мүшелері Шағалалы және Сілеті өзендерінің дейгейін бақылап отыр. Аталған су қоймаларында мұз ойылып, судың қатты ағынына тосқауыл қойылды. Барлығы 10-нан астам ірілі-ұсақты өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Жалпы салмағы жарты тоннадан артық түрлі жарылғыш зат пайдаланылды.