Алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіп «Ақ жол» партиясының мүшесі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, алаштанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты Сұлтан Хан Жүсіп «Ақ жол» Демократиялық партиясының мүшесі болды.
Мен бүгіннен бастап «Ақ жол» Демократиялық партиясының мүшесімін. Бүгін, 2020 жылы 14 қыркүйекте «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясының кезекті отырысында Мәжіліс депутаттары, партияның облыстық филиалдарының өкілдері менің қабылдануымды бірауыздан мақұлдады, - деп жазды ол.Ол мұндай шешім қабылдау оңай болған жоқ екендігін айтады.
Шыны керек, бұл шешім оңай болған жоқ. Елге оралған 2013 жылдан бері 7 жыл өтті. Әйтсе де «Ақ жол» партиясына кіруіме бұл саяси ұйымның өзін қазіргі Қазақ елінің мызғымас іргетасын қалап, шекарасын белгілеп кеткен ХХ ғасыр басындағы «Алаш» партиясының мұрагері деп сөз жүзінде ғана емес, жетекшісі, 1938 жылғы қанды репрессияда Алаш ұстанымы үшін құрбан болған «Алаш» қайраткері Перуаш Кәрімұлының немересі Азат Перуашев бастаған партияның «Алаш» идеясын, қозғалысын, партиясын, атаулас Ұлттық Жерлі Автономиясын және «Алаш» қайраткерлерін тиянақты іс-әрекетімен, қазақша-орысша мақала-жарияланымдарымен, ұлттық, халықаралық ғылыми байқауларымен, ғылыми конференцияларымен мүмкіндігінше шартарапқа насихаттап келе жатқан игі ісі түрткі болды. Бүгін «Алаш» тақырыбын «Ақ жолдан» артық насихаттаған партия бар ма?!. Ал исі қазаққа «Алаштан» асқан идея табыла ма?! - деп жазды ол.
Ол өз ойын Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өсиет сөздерімен аяқтаған екен.
Бір данышпаннан «оң өзгерістерді ұзақ күту керек пе?» деп сұрапты. Сонда данышпан: – Егер қол қусырып күтсең, ия, ұзақ! – деп жауап беріпті. Ұзақ күтуге заман тарылып барады. Ғылымнан бас тартпай, амалсыз болса да саясатқа араласқанымда менің басшылыққа алатыным Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мына өсиет сөздері болмақ:
– Бұл заманда жылап мұратқа жетемін деу аш түйенің күйсеуі болады;
– Бөтен кісі қазаққа ешқайдан жақсылық әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды. Біреуге телмірген адамнан, халықтан қосақ түрткен жетім лақ бақытты;
– Саясат ісі бірлікпен орнына барады… Бұл үлгілі саясат жолында жұрт адамына білім-тағлым жол көрсететін іс, бұған қазақ жігіті кірсе, саясат жолынан тәлім алады, күндердің күнінде қазақ жұртына керек болатын іс атқарады;
– Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар. Осыны аңғар, жұртым қазақ!
– Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат.