Сәдібек Түгел қол жинауға кірісті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидат Сәдібек Түгелді ҚР Конституциясы мен сайлау туралы Конституциялық заңында қойылған талаптарға сай келеді деп шешті.
«Бұл дода. Бұл сайлау Қазақстанда демократияның барын көрсетеді. Сайлауға бастамашыл болған қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа рахмет айтамын. Сайлау демократияның көрінісі болса, мен оның ұшқынымын. Заңға сәйкес саяси партиялармен қатар қоғамдық бірлестіктер де өздерінің кандидаттарын ұсынады. ОСК кандидатқа қойылатын талаптарға сай деп таныды. Бүгін саяси додаға түсіп тұрмыз, бұл демократияның көрінісі», - деп айтты Түгел.
Ол 118 мың қол жинауға сенімді екенін жеткізді.
«Уақыт тығыз, қолдаушыларым белді бекем буып отыр. Менің соңымда «Ұлы дала қырандары» халықтық қозғалысының адамдары, үлкен командамыз бар. Қазірдің өзінде хабараласып, кірісіп кетуге әзір отыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Орталық сайлау комиссиясы өздерінің қаулысын қабылдады. Қаулы бойынша енді мен қол жинау жұмысына кірісемін. Егер сенімді болмасам мұндай үлкен аламан додаға түспес едім», - деді кандидат.
Ол осыған дейін сайлауалды бағдарламасына сәйкес тек мемлекеттік тілде сөйлейтінін айтты.