Сқақов: Спорт алаңдары, әсіресе, балаларға қолжетімді болуы керек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында бұқаралық спортты дамыту үшін жан басына қаржыландыруды белсенді қолданып, инфрақұрылымның қолжетімділігін арттырады.
Аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов облыс орталығындағы мемлекеттік спорттық тапсырыс бойынша жұмыс істейтін мекемелерге, жөндеуден өткен «Батыр» БЖСМ-е және №9 мектептің реконструкцияланып жатқан стадионын аралады.
Ким Сонг Су таэквондо мектебінде жан басына қаржыландыру жүйесінің арқасында жаңа топтар ашылды. Жалпы алғанда, мұнда кем дегенде 80 тәрбиеленушіні қосымша қабылдау жоспарланып отыр.
Бұрын көптеген ата-ана қаржылық мүмкіндіктің жоқтығынан балаларын біздің мектепке бере алмайтын. Жан басына қаржыландыру бағдарламасы енгізілгеннен кейін бір отбасыдан екі-үш бала келе бастады, - дейді мектеп жаттықтырушысы Ким Иенг Ро.Мемлекеттік спорттық тапсырыс балалардың спорт секцияларында тегін жаттығуынан бөлек, жаттықтырушылардың жалақысын арттыруға да мүмкіндік береді. Мысалы, Ким Сонг Су мектебінде бірден алты жаттықтырушының жалақы көлемі ұлғайған.
Облыстық бокс федерациясының базасына барған Әбілқайыр Сқақов федерацияның өкілдері де балаларды дайындау үдерісіне белсенді ат салысатынына сенім білдірді. Ол жаттықтырушыларды сертификаттау және біліктілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.
Оқыту әдістемесі өзгеруде. Сіз Токиодағы жазғы Олимпиададан оралдыңыз, онда басқа елдердің жаттықтырушылары мен боксшыларының қалай жұмыс істейтінін көрдіңіз. Бұл өте маңызды, өйткені біз Павлодар боксының ескі мектебінің іргетасын сақтап, жаңа дағдылар мен құзыреттерді қолдана бастауымыз керек, - деді аймақ басшысы федерацияның атқарушы директоры Азамат Мақажановқа.Облыс әкімі дзюдошыларды дайындайтын «Батыр» БЖСМ-де спорттық дәстүрді сақтау керектігін айтты. Өткен жылы мұнда күрделі жөндеу жүргізілген. Ендігі жерде мектептің инфрақұрылымы мен оның жаттықтырушылар құрамына үлкен үміт артылып отыр. Әбілқайыр Сқақов балалар және жасөспірімдер спорт мектебін бейінді емес функциялардан толығымен босатуды тапсырды.
Павлодарлық дзюдо мектебін жандандыруға баса назар аудару қажет. «Батыр» Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандар үшін ұйымдастыру-әдістемелік орталыққа айналуы тиіс. Мұнда біздің оқытушыларымызды оқытатын жақсы жаттықтырушыларды шақырсақ, 3-5 жылдан кейін дзюдо спортындағы көптен күткен жеңістерге қол жеткіземіз, - деп атап өтті Әбілқайыр Сқақов.«Altyn Kids» даму орталығында өңір басшысына жан басына қаржыландыру аясында балалармен жұмыс жүргізу туралы айтылды. Бағдарламаның арқасында орталық тәрбиеленушілерінің саны 187-ден 445-ке дейін артқан. Қазіргі таңда балалар мұнда спорт секцияларында да, шығармашылық үйірмелерде де айналысады.
Би үйірмесіне қатысқысы келетіндер өте көп: егер бұрын 3 топ болса, қазір балалар жеті би тобында жаттығады. Сурет салу үйірмесінің саны да артып, үш топтың саны он бірге дейін жетті. Сонымен қатар балалар мен ата-аналардың сұранысы бойынша шахмат үйірмесін аштық, - деді орталық жетекшісі Ирина Исакаева.Облыс әкімі №9 мектептің реконструкцияланып жатқан стадионына да барды. Мұнда заманауи футбол алаңы, волейбол мен баскетболға арналған әмбебап алаң, гимнастикалық аймақ және жүгіру жолы салынуда. Жоба бойынша стадионды жарықтандыру, бейнебақылау орнату және аумақты абаттандыру көзделіп отыр. Әбілқайыр Сқақов болашақ алаңның спортпен шұғылданғысы келетіндердің барлығына қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Стадион балалармен қатар, ересектер үшін де тартылыс алаңына айналуы қажет. Көптеген жыл ішінде алғаш рет бюджеттік қаражатты спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсап жатырмыз. Сондықтан спорт алаңдары спортпен шұғылданғысы келетіндердің барлығына, әсіресе балаларға қол жетімді болуы керек, - деп атап өтті өңір басшысы.
Спорттық инфрақұрылымның қол жетімді нысанының бір мысалы – Торайғыров университетінің стритбол алаңдары. Олар университет аумағында бұрынғы автотұрақ орындарында құрылды.