Рыбкина Майами турнирінің үшінші айналымына шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Осы доданың 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастап, дүниежүзілік рейтингте 64-орында тұрған эстониялық Кайя Канепимен кездесті. Қазақстандық спортшы 21-де болса, тәжірибелі Канепи 35 жаста еді.
Қарсыластар матчты брейк алмасумен бастады – 1:1. К.Канепи тағы бір брейкке қол жеткізді – 3:2. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестірді – 4:4. Сосын сетті тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.
Екінші партияда Е.Рыбакина брейкпен алға кетті – 3:0. Содан соң есепті 5:0-ге жеткізді. Ақыры бұл сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бәсеке 1 сағат 14 минутқа созылды.
Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Дженнифер Брэйди немесе рейтингте 58-сатыдағы испаниялық Сара Соррибес-Тормоның біреуімен шеберлік байқасады.