Бүгiн 2026, 09:21 Фото: instagram/lenarybakina

Рыбакина Лондон турнирінің жартылай финалына шыға алмады

Қазақстанның бірінші ракеткасы ширек финалда әлемдік рейтингте 73-орында тұрған Кэти Бултерге есе жіберді.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Лондонда өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің жартылай финалына шыға алмады.

Sportarena.kz мәліметінше, ширек финалда қазақстандық теннисші (әлемнің екінші ракеткасы) күтпеген жерден әлемдік рейтингте 73-орында тұрған Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге 5:7, 6:2, 4:6 есебімен жол берді.

Матч 2 сағат 39 минутқа созылды. Осылайша Рыбакина беделді шөп төсенішіндегі турнирдегі өнерін ширек финал кезеңінде аяқтады.

Осы кездесуге дейін қарсыластар кортта екі рет жолығып, екі жағдайда да Рыбакина жеңіске жеткен еді.

Британдық теннисшінің келесі қарсыласы хорватиялық Донна Векич болады.

Биылғы жарыстың жүлде қоры 1,915 миллион долларды құрайды. Турнир жеңімпазы 294 445 доллар сыйақы мен WTA рейтингінің 500 ұпайына ие болады.