Расул Жұмалы: Бұл – 2020 жылы атқарылған жұмыстың жемісі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламенттік сайлау өз мәресіне жетіп қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша ел аумағында дауыс беруге құқылы азаматтардың 63 пайызы өз ықтиярын білдірді.

Еліміздегі саяси додаға қатысты саясаттанушы Расул Жұмалы өз пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Халықаралық тәжірибеде 63 пайызы деген өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Әсіресе, пандемияға байланысты шектеулерге, ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ қордаланған күмән мен реніштерге қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігі реформалардың өркениетті жолын қалайтынын көрсетті. Сайлау қорытындысына келер болсақ, әзірше «Қоғамдық пікір" Орталығы ұйымдастырған Exit Poll нәтижелеріне сәйкес дауыстар үлесі келесідей орныққан: Нұр-Отан - 71,97, Ақжол - 10,18, Халықтық партия - 9.03, Ауыл - 5,75, Адал - 3,07 пайыз. Әрине, бұл тек алдынала деректер. Десе де әдетте Exit Poll көрсеткіштері ресми есептерден қатты алшақтамайтынын ескерсек, сайлау қорытындысының нобайы қазірдің өзінде түсінікті сияқты, – деді Русул Жұмалы.

Саясаттанушы бұны Covid-19 жайлаған 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі деп бағалауға болатынын айтады

Басқа партияларға келсек Мәжіліске өту шегін Ақжол мен Халықтық партия бағындырды. Бұнда да айтарлықтай тосын жаңалық болмады. Әрине, Ауыл және Адал партиялары соңғы уақытта өте үлкен жұмыс атқарғанын мойындау керек. Десе де саясат - аса консервативтік алаң болған соң екі-үш айлық белсенділік ұзақ мерзімді кешенді тірлікті алмастыра алмасына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл да оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн. Түйінін айтқанда, меніңше, сайлау кереметтей болмаса да, демократиялық талаптарға бір табан жақын ахуалда өтті. Ал енді сайлау атты сынақтан екінің бірі сүрініп, тіпті құлап жатқанда, Қазақстан ұпайын жоғалтпай тәжірибе жинақтап толығып шыққаны қанағат тұтарлық шаруа, – деді саясаттанушы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы