"Руставели даңғылын жауып тастады". Тбилисиде оппозицияның наразылығы қайта басталды
Тбилисиде жексенбі, қазанның 5-і күні кешке оппозицияның наразылығы қайта жалғасты, наразылық білдірушілер Грузия парламенті жанындағы Руставели даңғылын жауып тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ "Грузия Онлайн" мен РИА Новости-ге сілтеме жасап.
Оппозиция жақтастарының әлеуметтік желідегі үндеуімен жексенбі күні 1000-ға жуық наразылық білдіруші парламент алдына жиналды. Олардың қолдарында Грузияның туы, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Украинаның бірнеше жалауы болған. Наразылық басталғаннан кейін бір сағаттан соң олар Руставели даңғылына жетіп, көлік қозғалысын жауып тастады. Полиция бұл іске араласпады.
Шерушілердің талаптары өзгеріссіз қалды: жаңа сайлау тағайындау және наразылық кезінде ұсталғандарды босату.
Қала тұрғындары Грузия Ішкі істер министрлігінің "бүгін және алдағы күндері өткізілетін кез келген жиын кешегі үкіметті құлату әрекетінің жалғасы" деген ескертуіне қарамастан парламент ғимаратының алдына жиналды.
Сенбі күні Грузияның 64 муниципалитеттері мен аудандарында бір уақытта жергілікті билік органдарына сайлау өтті. Тбилисиде сайлау қарсаңында наразылық шерулері басталды, оның ішінде наразылық білдірушілер тас лақтырып, кейін президент Михаил Кавелашвили резиденциясының ауласына басып кірді. Грузияның Денсаулық сақтау министрлігі тәртіпсіздіктер кезінде алты наразылық білдіруші мен 21 құқық қорғау қызметкерінің жараланғанын хабарлады.