Руслан Жақсылықов: Жемқорлық жасаған адам қатаң жазаға тартылуы керек!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев негізгі басымдық деп нақты белгілеген Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Сыбайлас жемқорлық экономикаға, саясатқа, әлеуметтік және өміріміздің басқа да салаларына теріс әсер етеді. Оның салдары қоғамның прогрессивті дамуына кедергі келтіреді. Нәтижесінде мемлекеттің егемендігіне қауіп төндіреді. Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлықпен қалай күресіп жатқаны жөнінде қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.
– Руслан Фатихұлы, Қарулы күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы нормалардың сақталуын қандай орган немесе механизмдер қадағалайды?
– Сыбайлас жемқорлық – бұл барлық елдерге олардың мәртебесі мен даму деңгейіне қарамастан әсер ететін проблема. Бірақ сыбайлас жемқорлық әсіресе мемлекеттік қызмет саласында айқын көрініс береді. Биліктің немесе қызметтік өкілеттіктердің артуы дамыған қоғамның іргелі құндылықтарының жойылуына әкеліп соғады. Мемлекеттік қызмет жүйесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктерін көздеуге тиіс.
Экономика мен адамдардың өмір сүру деңгейі осы тетіктердің жұмыс істеу нәтижесіне тікелей байланысты. Қорғаныс министрлігіне келетін болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде менің ұстанымым айқын – сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам қатаң жазалануы керек. Әскерде сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ.
Сонымен бірге жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, жекелеген фактілер орын алуда. Бірақ тұтастай алғанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың нақты құрылған жүйесінің арқасында төмендеу бар.
– Әскери қызметтің қай салаларында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жиі кездеседі?
Ең осал сала – халыққа мемлекеттік қызмет көрсету. Осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін біз мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматқа ауыстырдық. Енді кейінге қалдыру, қызметтен босату, қажетті анықтамаларды алу мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілді және «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі.
– ҚР ҚК-де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде нақты қандай шаралар қабылдануда?
– Қорғаныс министрлігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі негізгі екпін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар мен шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысының алдын алу және шешу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру сияқты алдын алу шараларын қабылдауға бағытталған. Бұдан бөлек сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешені іске асырылуда. Әскери полиция әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын сақтауын тексеріп, әскери бөлімдердің қолбасшылығына сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға алғышарттарды жою туралы ұсыным енгізеді.
Жауапты лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау қаупі жоғары лауазымдардың тізбесін бекітті. Ол жерлерге офицерлерді тағайындау кезінде міндетті түрде полиграф арқылы тексеру жүргізіледі. Бұл шара сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуына, қатысуына және жасырылуына реакцияларды анықтауға көмектеседі.
Тек биыл ғана әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға бағытталған 4 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Бұл дегеніміз әр түрлі санаттағы әскери қызметшілермен өткен сабақтар, құзыретті орган қызметкерлерінің қатысуымен іске асқан жеке әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар.
– Руслан Фатихұлы, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Қызметіңізде тек жетістіктер тілейміз.