Руслан Олжабаев. Қазақстандағы әскери техника өндірісі. Ұрыста дрон ештеңені шешпеуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі қорғаныс саласының әлеуеті, Қарулы күштеріміздегі техниканың жай-күйі жайында Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы полковник Руслан Олжабаевпен әңгімелескен едік.

- Руслан Советұлы, әңгімемізді қорғаныс саласының техникалық ахуалынан бастайықшы, бүгінде әскери-техникалық саясатты айқындайтын кім?

- «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңына сәйкес Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясатындағы бірден-бір уәкілетті орган.

Бұл қорғаныс ведомствосының тек қарулы күштерге ғана емес, сондай-ақ Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі, МКҚ айрықша мақсаттағы күштері және әскери бөлімшелерге жататын басқа да әскери құралымдарға қандай қару-жарақ пен әскери техника керектігін айқындауға уәкілеттік берілгенін білдіреді. Сондай-ақ, көпқырлы ұжымдық жұмыс. Сол себепті де түрлі әскерлер мен әскери құралымдардың қару-жарағы, техникасының біріздендірілуі мен үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

Бізге қандай әскери техника қажет екенін түсіну үшін ықтимал қатерлер мен қауіптердің сипатына сүйену қажет. Әскери мамандар аймақтағы қазіргі саяси және әскери жағдайға үнемі талдау жүргізіп, елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне төнуі мүмкін қауіптерді анықтап, әлемде болып жатқан соғыстар мен орын алуы ықтимал қарулы қақтығыстардың сипаты мен ерекшеліктері зерделенеді.

Мысалы, Африка, Таяу Шығыс, Кавказ бен Ауғанстандағы соңғы уақыттағы әскери қақтығыстар жоғары дәлдіктегі қару-жарақ, барлау және радиоэлектрондық күрес құралдары, ұшқышсыз ұшу құрылғылары мен Әуе қорғаныс жүйелері, робот техникасы және басқалар сияқты жаңа қару түрлерінің маңызды екенін көрсетті.

Бұдан басқа, түрлі мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның Қарулы Күштері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, пандемия кезеңінде халыққа көмек көрсетуге жұмылдырылды. Бұл тек соғыс уақытында ғана емес, бейбіт уақытта да қолданылуы ықтимал қос компонентті, яғни бөлімшелер мен техниканы дамыту қажеттілігін көрсетеді. Оларға инженерлік, медициналық бөлімшелер, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бөлімшелері жатады.

Әрине, біз оқиғаларды дамытудың барлық ықтимал нұсқаларын есептейміз, оларды құзыретті мемлекеттік органдармен бірге талқылаймыз. Соның негізінде ел басшылығына Қарулы Күштерді ұзақ мерзімге дамыту және қайта жарақтандыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Олар бекітілгеннен кейін ведомстволық жоспарлар әзірленеді. Оған бөлінетін бюджет қаражатын ескере отырып, аталған ұсыныстарды іске асырады.

 - Осы жүйе бойынша алынған әскери техникалар бар ма?

- Әрине. Соңғы жылдары Қарулы Күштерге Су-30СМ көпфункционалды ұшақтары, Ми-35М соққы беруші тікұшақтары, барлау және соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппараттарының түрлері, «Арлан» броньды машиналары, соңғы үлгідегі үш координатты «Нұр» және «Роса» радиолокациялық станциялары, арнайы және автомобиль техниканың көп бөлігі, барлау, бақылау, байланыс құралдары, қазір айтылмайтын кейбір қару мен техниканың басқа түрлері келді. Нәтижесінде әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін едәуір арттыруға ықпал етті. Әрі бұл қару-жарақ қазіргі заман талабына сай.

Деседе, күштік органдар соңғы үлгідегі қару-жарақпен қайта жарақтау барысын ескеруі керек. Қанша дегенмен халық «көрпеңе қарай көсіл» дегенді текке айтпаса керек. Мысалы, Қазақстан армиясын барлық технологиялық бағыттар бойынша әлемнің ең озық және дамыған әскерлерімен бәсекелесе алатындай етіп қайта жарақтандыру міндетін қоя аламыз. Бірақ бұл жүздеген миллиард, тіпті триллион долларды қажет етеді. Ал бұл қазіргі жағдайда біздің экономикамызды әлсіретеді. Сондықтан да бюджеттің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, қаражатты мемлекеттік тұрғыдан пайдалануға тырысамыз. Себебі айтпаса да түсінікті, елдің қорғаныс саласынан басқа да салалары бар. Бір қуанарлығы, сыртқы саясаттың салиқалы жүргізілуінің арқасында қазір бізге сырттан ешкім тікелей қауіп төндірмейді. Соны тиімді пайдалана отырып, біз қару-жараққа жұмсалатын қаржыны адамдардың әл-ауқатын арттыруға, сонымен бірге елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге пайдалануымыз керек.

Бұл тепе-теңдікті табу – бір жағынан қорғанысты қамтамасыз ету, екінші жағынан – қаржыны экономикалық дамудан және адамдардың әл-ауқатын жақсартудан алшақтатпаған жағдайда нәтижелі болады.

Осыған байланысты қазіргі заманғы қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жүйелі түрде нақтыланатын басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа құралдар мен кешендерді сатып алумен қатар, қолда бар қару-жарақты жарамды күйде күтіп ұстау жөніндегі іс-шаралар кешені жүргізіледі. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысына келсек, отандық кәсіпорындарда 80-нен астам техника жөнделіп, жаңғыртылды. Сонымен қатар, әскери жөндеу бөлімшелерінің күшімен қару-жарақ пен әскери техниканың техникалық жай-күйін тексеру, сондай-ақ уақтылы қызмет көрсету, жөндеу тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Осы іс-шаралардың барлығы тұтастай алғанда Қарулы Күштердің жаңа, заманауи қару-жарақ пен әскери техникасының жасақталу үлесін арттыруға, сондай-ақ техникалық әзірлік деңгейін талап етілетін деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

- Екі жылдан бергі әлемдік ахуалды жақсы білесіз. Бұл жағдай қорғаныс саласының жоспарларына да біраз түзету енгізуге әсер еткен болар?

- Расында әсер етті. Пандемия кезінде Қорғаныс министрлігі Мемлекеттік қорғаныс тапсырысының құрамын жедел түрде түзетті. Ең алдымен, бұл әскери медицинаға қатысты болды. 2020 жылы медициналық бөлімшелердің мүмкіндіктерін арттыру мақсатында екі мобильді ПТР-зертхана және осы жылы әскерлерге түсуі тиіс модульдік далалық инфекциялық госпиталь сатып алынды. Одан бөлек, тағы да екі мобильді ПТР-зертхана сатып алынады. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің күшімен осындай қызметтерді көрсетуде қиындықтар туындаған алыс гарнизондарда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін диагностикамен қамтуға мүмкіндік береді.

Осы орайда, Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің мүдделері үшін бюджеттен тыс қаржыландыру көздерін іздеп жатқанын айта кеткен орынды. Мысалы, 2020 жылы біз пандемияның өршіп тұрған кезінде бюджет қаражатын шығындамай-ақ екі стационарлық ПТР-зертхана сатып алдық.

Әскери инфрақұрылымды дамыту үшін жеке инвестицияларды тарту бойынша да осындай жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігінің бастамасы бойынша мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізілді. Бұл өзгеріс армия үшін екі әскери қалашық, екі әскери әуеайлақ, госпитальдық-клиникалық кешен және басқа да объектілер салу жобалары бойынша жұмысты бастауға ықпал етті. Әрине мұндай жағдай бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында РХБ қорғау бөлімшелерін биологиялық және химиялық қорғаудың, барлау мен өңдеудің соңғы үлгідегі құралдарымен жабдықтау жүргізіліп жатыр. Ал нысандарды дезинфекциялау кезінде әскери химиктерге деген сұранысты бәріміз көрдік.

Пандемия соғыс уақытында да, бейбіт уақытта да сұранысқа ие, жақсы жабдықталған, дамыған қос компоненттің бейбіт уақыттағы қажеттілігін көрсетті. Мысалы, елдегі инфрақұрылымды дезинфекциялауға қатысқан кезде, техника, шашыратқыш және басқа құралдар әскерлерді жаппай қырып-жою қаруларынан қорғау үшін тек ұрыс алаңында жұмыс істеуге бейімделгені белгілі болды. Соған қарамастан, бұл техника ұзақ уақыт бойы сатып алынған жоқ. Қысқа мерзімде елдегі міндеттерді орындауға бейімдеу үшін белгілі бір күш салуға тура келді.

 - Демек, негізгі жұмыс техниканы сатып алуда болғаны ғой?

- Нақты емес. Уақыт бір орнында тұрмайды. Оған қоса жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізу әдістері мен тәсілдері күнде өзгереді. Қарулы күрестің жаңа құралдары пайда болып жатыр. Осы уақытқа дейін ешкім ұшқышсыз ұшу құрылғылары соғыстың нәтижесіне түбегейлі әсер етеді деп ойлаған жоқ. Ал қазіргі күні көп адам тіпті ұрыс алаңында олардың абсолютті үстемдігі туралы айтады. Соған қарамастан, әскери мамандар бұған кереғар пікірде. Олардың ойынша ұшқышсыз ұшу құрылғылары барлық физикалық, географиялық және жедел-тактикалық жағдайларда шешуші рөл атқара алмайды. Мысалы, кейбір әскери сарапшылардың пікірінше, Таулы Қарабақтағы қақтығыстар кезінде өрттің 80%-ы жер үсті құралдары арқылы тараған. Сонымен қатар, таулы жерде дронды қолдану, оны жазықта қолданудан мүлде бөлек.

Дегенмен, біз әскерлерді заманауи ұшқышсыз ұшу аппараттар кешенімен қамтамасыз етуге аса мән береміз. Айтпақшы, олар мұны Таулы Қарабақ қақтығысынан әлдеқайда ертерек бастады. Соның нәтижесінде авиацияның бұл түріне деген қызығушылық артты. Егер білгіңіз келсе, 2016 жылы армия үшін Wing Loong барлау-соққы беруші ұшқышсыз ұшу құрылғылары сатып алынды. Ал 2017 жылы Қарулы Күштерде ҰҰА операторларын даярлау орталығы құрылды. Сол жылы Халықаралық армия ойындары шеңберінде ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларының жарысын біздің елде өткізуді ұсындық.

- Дрондардың соғыстағы шешуші қару бола алмайтыны жайлы пікіріңіз қызық екен. Тура осы салаға қатысты басқа да шараларды атап өтсеңіз...

- Бұдан өзге, біз түрлі бағыттардағы ғылыми әзірлемелер мен рационализаторлық жұмыстарды бастауды ойластырып отырмыз. Қорғаныс министрлігінің техникалық тапсырмалары бойынша қорғаныс кәсіпорындары қару-жарақтың перспективалық жүйелерін құру бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуде. Бұл – дүркін-дүркін ату кешендері; артиллерия атысын басқару машиналары; РХБ барлау кешендері; «Барыс» бронды дөңгелекті машиналары; ҰҰА-мен күресу құралдары; т.б.

Ғылыми әлеуетті дамыту және өндірістің жаңа түрлерін игеру мақсатында Қорғаныс министрлігі Армия ұзақ мерзімді перспективаға мүдделі 110 әскери өнім атауының тізбесін әзірлеп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берді. Сондай-ақ қорғаныс-өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерін жинап, олардың алдына осындай міндеттер қойдық. Ұзақ мерзімді негізде сатып алуға дайын әскери өнімдердің тізбесі мен көлемін бердік және олардан Қазақстанда өндіруді ұйымдастыруды сұрадық.

- Бұл жақсы ұсыныс екен. Әсіресе, отандық өндірісті қалыптастыруда айтарлықтай нәтиже береді деген сенімдемін!

- Иә, ойыңызбен келісемін. Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскерлердегі ғылыми және рационализаторлық жұмысты дамытуға көп көңіл бөледі. Ұлттық қорғаныс университетінің базасында ғылыми-зерттеу институты құрылып, табысты жұмыс істеуде. Онда теориялық зерттеулермен қатар қару-жарақтың тәжірибелік үлгілері де жасалуда. Мысалы, институт ұжымы «Шағала» ұшқышсыз ұшу құрылғысын әзірлеп, қазір сынақтан өткізіп жатыр.

Университетте сондай-ақ, ғылыми взвод жұмыс істейді, онда сарбаздар мерзімді әскери қызметін өтейді. Жас та болса зерттеушілер әскерлер үшін әскери техниканың виртуалды тренажерлерін құруда айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Армияның дамуына басқа әскери оқу орындары да өз үлестерін қосуда. Мысалы, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтында ядролық қаруға қарсы мылтықтың жеке үлгісі жасалды, оны жаппай өндіру отандық кәсіпорындарда жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

- Әңгімеңізде толығырақ айтсаңыз. Әрине, отандық өндірісті дамытудың маңызы зор. Ал Қорғаныс министрлігі үшін отандық әскери техника өндірісін дамытудың орны ерекше болар?

- 2016 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру және сатып алу мәселелерінен шеттетілді. Сондықтан да қазір тек әскери өнімді алушы болып отыр. Барлық қалған мәселелер – өндірушілермен келіссөздер жүргізу, жеткізушілерді таңдау, баға саясаты, мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру қорғаныс-өнеркәсіп кешені және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласындағы уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді.

Біз әлбетте, қазақстандық өнімдерге басымдық береміз. Мемлекеттегі пандемиядан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қорғаныс министрлігі отандық ҚӨК-ті қолдауды басым түрде жалғастырды. Кәсіпорындар шығарған өнімге соншалықты қажеттіліктер болмаса да қазақстандық кәсіпорындардың бірқатар өнімдерінен бас тартқан жоқ. Бұл 2020 жылы мемлекеттік қорғаныс тапсырысының жалпы көлемінің шамамен 60%-ын отандық қорғаныс өнеркәсіп кешеніне беруге, ал биыл оны 70%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

- Бұл көңіл көншітерлік жаңалық болды. Десе де, кейде кейбір кәсіпорындардың наразылығын байқаймыз...

- Пандемияға байланысты қорғаныс қажеттіліктері үшін шектеулі қаржыландыру жағдайы отандық қорғаныс саласындағы жағдайды айқындады. Бұл – ең әуелі кейбір кәсіпорындардың әлі мемлекет қаржысына тәуелділігінен. Шын мәнінде, олар бюджеттен қаржыландырылады. Бұл жекелеген кәсіпорын басшыларының олардан сатып алынатын өнім көлемін ұлғайту талабымен Үкіметке бірқатар сыни пікірлер тудырды. Яғни, басшылар кездейсоқ немесе саналы түрде ақшаны өз кәсіпорнының пайдасына қайта бөлген жағдайда отандық өнеркәсіптің басқа өкілдері тапсырыссыз қалатындығын ескермейді.

Еліміздің өнеркәсібін Қорғаныс министрлігінің және ішінара басқа да күштік ведомстволардың тапсырыстары, сондай-ақ Қазақстанда ішкі тұтыну үшін тек әскери өнім шығару есебінен көтеру мүмкін емес.

- Сонда елімізде қанша әскери өнімді сатуға болады?

- Саны шектеулі болғандықтан, ол жағын айтпай-ақ қояйын. Бірақ кейбір отандық кәсіпорындар Қазақстан армиясының қажеттілігінен гөрі, олардан әскери өнім алуды қалайды. Бұл қажеттіліктер есептеулер негізінде анықталады және жабдықтау нормаларында бекітілген. Мысалы, егер танк компаниясында 10 танк бар дейік, ал армияда шартты түрде 10 танк ротасы болса, онда алуға тиісті 100 танктің орнына танк компаниясы «сатып алғанымды қалайды» деп 300 танк сатып алмайсыз ғой.

Әлемнің барлық елдерінде қарулы күштер өз қажеттіліктерін өздері анықтайды және оларға қару-жарақ пен техниканың қандай да бір түріне қанша қажет екенін ешкім көрсетпейді.

Ал кәсіпорындардың міндеті – тапсырысты сапалы және мерзімінде орындау. Мысалы, егер сіз дүкенге кез-келген тауарды сатып алуға келсеңіз, сатушы сізге қанша аяқ киім немесе шалбар сатып алу керектігін айтып, көрсетпейді. Сатушының міндеті – сізге қажет мөлшердегі тауарды беру. Сатушы сізге: «Мен сізге не қажет екенін жақсы білемін, сізге екі жұп аяқ киім емес, 10 жұп сатып алу керек, ал егер сіз 10 жұп аяқ киім сатып алмасаңыз, онда сіз отандық өндірушіні қолдамайсыз. Мен сіз туралы БАҚ-қа шығарып, интернетке жазып, шағымданамын», – деп айтуы қисынсыз. Бұны не үшін айтып отырмын, яғни, кәсіпорындар отандық бюджетке ғана емес, өнімін өткізетін басқа нарық көздерін іздеуі керек.

Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс өнеркәсібі кешенін әртараптандыру. Шетелдік тәжірибе қорғаныс кәсіпорындарының тұрақты жұмыс істеуі үшін азаматтық өндірістің үлесі өндірілетін өнімнің жалпы көлемінің кемінде 40%-ын құрауға тиіс екенін көрсетеді. Мысалы, жойғыш ұшақтар шығардық делік, демек халыққа арналған ұшақтар да шығарыңыз. Бұның тек қорғаныс саласына ғана емес, басқа салаларға да қатысы бар.

Айталық, Ресей Федерациясында қару-жарақ пен әскери техникаға деген үлкен қажеттіліктері бар болса да, қазір Қорғаныс және өнеркәсіптік кәсіпорындар өндірісіндегі азаматтық өнімдердің үлесін арттыруға бағыт алды. Соның негізінде бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 50%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Отандық кәсіпорындар бұл фактіні ескеріп, азаматтық нарықта жаңа мүмкіндіктер іздеуі керек деп санаймыз.

- Қорғаныс өнеркәсібі жайлы айтып отырмыз ғой. Жалпы біздегі бұл саланы даму деңгейі қандай?

- Тәуелсіздік жылдарында Қорғаныс өнеркәсібі өндірісте және армияда сұранысқа ие өнімдерді локализациялауды ұлғайтуға қатысты белгілі бір жетістіктерге жеткенін айта кету керек. Бірінші кезекте – бұл патрон шығару өндірісі, кеме жасау, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын, оптикалық-электрондық жүйелерді, бронды танк техникасын шығару және жөндеу болды. Бірақ осымен болдым-толдым деп тоқтап қалуға болмайды. Технология үнемі жетілдіріліп отырады, қарудың жаңа түрлері пайда болады дегендей. Мысалы, қазіргі уақытта жаңа физикалық қағидаттар негізінде зымырандық қару-жарақ, лазер, электромагниттік және басқа да қару-жарақтың отандық өндірісін игеру мәселесі өткір пісіп-жетілді.

Қарулы Күштерге қажетті өнімнің атаулы тізімі жасалып, онда осы атаулардың әр қайсының аз да болса саны көрсетілуі керек. Соғыс жағдайында мемлекет ішінде әскери мүліктің барлық түрлерін өндіру – шетелдік жеткізушілерге тәуелділікті жояды деген жалпы пікір бар. Бірақ, кәсіби әскери және саясаттанушылардың пікірінше, қазіргі әлемде мұндай тәуелділіктен аулақ болуға мүмкіндік беретін қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізудің әртүрлі арналары әрқашан бар. Мұны жекелеген мемлекеттер бір елден қару-жарақ жеткізу мүмкіндігін жоғалтып, оларды басқа елдерден жеткізуді бірден жолға қойған соңғы уақыттағы барлық қақтығыстар растайды. Сондықтан, біз, ең алдымен, үнемі көп мөлшерде қажет болатын шығын материалдарын, сондай-ақ сәтті экспортқа шығатын технологиялық өнімдерді өндіруді маңызды дейміз.

Бұдан өзге, көп нәрсе өнімнің өзіндік құнына байланысты екенін түсіну керек. Кейде біздің кәсіпорындар осының бәрін құптайтын сияқты ашылады. Ал сайып келгенде олардың өнімдері шетелдік өнімдерге қарағанда әлдеқайда қымбат.

Шетелдік өнімдер арзан, өйткені олардың өнімі ондаған жылдар бойы шығарылып келеді, өндіріс көлемі ауқымды, сату нарығы кең. Соның арқасында құны төмен. Ал біздің кәсіпорындарда көбінесе өндіріс аз, ал өнімнің құны жоғары. Демек, біз артық төлеуіміз керек және қандай да бір техника мен қару-жарақтың екеуін алудың орнына, отандық өндірушіден тек біреуін ғана сатып алуымыз керек. Ал сапаға келер болсақ, сапасы бізде де, шетелдік өнімде де әр түрлі болуы мүмкін.

Әдеттегідей, кәсіпорындар арасында әрдайым наразылық болады. Бұл көбіне кейбіреулердің өз өнімдерін ауқымды мөлшерде сатып алмайтын кейбіреулерге байланысты туындайды. Басқалардың біреуден өнім сатып алып жатқанын көріп, мемлекеттік органдарды жекелеген өндірушілердің мүдделерін қолдап отырады деп айыптайды.

Армия ешкімнің мүддесін қолдамайды және параметрлері мен сапасы жағынан ең қолайлы елдің қауіпсіздігі үшін қажет нәрсені алуға тырысады. Шамамен бірдей көрсеткіштермен отандық өнімдерге артықшылық беріледі. Егер жоқ болса... Онда елдің қауіпсіздігі басты орында тұру керек.

Осыған байланысты жекелеген ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялық қару түрлерінің, мысалы, ұшақтардың, ӘШҚҚ жүйелерінің, дәлдігі жоғары қарулардың импорттау таяу перспективада сақталады. Сонымен қатар, қару-жарақтың бұл түрлері мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға үлкен ауқымды қосады және оларды сатып алуға басымдық беріледі.

Бұған мысал ретінде олимпиадаға қатысу үшін велошабандозға велосипед пен сипаттамалары жақсы нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін жетекші спорттық өндірушілердің жабдықтарын беруді сұрайды және одан жеңісті талап етеді. Ал оған өндірісті қолдау үшін қажетті талаптарға сай келмейтін отандық өнімдерді сатып алып, жеңісті талап етсе қалай болар еді. Нәтижесінде спортшы жеңіліп, ел күткен үміт ақталмай қалар еді.

Әскерде де осындай жағдай. Ұрыста сарбазға оның қолында қандай қару-жарақ отандық немесе сырттан әкелінгені маңызды емес, ең бастысы – ол ыңғайлы, тиімді және сенімді болуы керек.

Сондықтан Қарулы Күштердің сыртқы келбетін, әскери техниканың қажетті санын және тактикалық-техникалық сипаттамаларын айқындау осыған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың айрықша құзыретіне жатады және осы мәселелерге біліксіз мамандардың араласуына жол берілмейді.

Қорғаныс кәсіпорындарының міндеті – мемлекеттік қорғаныс тапсырысын сапалы және уақтылы орындау, қажет болған жағдайда оны жүзеге асыруды жақсарту бойынша ұсыныстар енгізу. Армияға қажет техниканың саны мен параметрлерін анықтау – басқа органдардың құзыреті. Бастысы әркім өз ісімен айналысқаны жөн.

- Отандық кәсіпорын мен шетелдік кәсіпорынның өндірген бір тауарының сапасы әртүрлі болатынын айтып қалдыңыз. Жалпы отандық әскери кәсіпорындар өндірген тауарлардың сапасын кім бақылайды?

- Қазақстандық кәсіпорындарда өнімнің сапасын заңға сәйкес осыған уәкілеттік берілген әскери өкілдіктер бақылайды. Ол үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы жүйесінде әскери қабылдау институты жұмыс істейді. Оның қызметін реттейтін заңнамалық және нормативтік актілер бар. Сондай-ақ, өнімді өндіру және қабылдау үрдісіне қатысатын барлық тұлғалардың жауапкершілігі күшейтілді.

Әскери өкілдердің атына сапа мен бағаның қалыптасуын тексеруге қатысты айыптаулар кейде айтылып жатады. Тек отандық өндірушілердің өнімдері тексеріліп, оларды шетелдік кәсіпорындармен тең емес дейді.

Рас, шетелдік өнімдерді өндіріс сатысында біздің әскери өкілдеріміз тексермейді, бірақ шетелдік зауыттарда оларды Әскери өкілдіктер мен инспекциялар жүзеге асырады, олар сол жерде өнімнің сапасын бақылайды.

Егер осындай өнім Қазақстанда шығарылса, онда оның шетелдік өнімге қарағанда артықшылығы бар. Егер артышылығы болмаса онда шетелдік өндірушілердің өнімдері конкурстарға қатысады, яғни өнімді құны бойынша іріктеудің заңды үрдісі жүзеге асырылады.

Әскери өкілдердің құрамдас бөліктер мен материалдарды қабылдаудан бастап түпкілікті өнімді өндіруге дейінгі өндіріс процесін бақылауы өзінің қорғаныс өнеркәсібі бар барлық елдерде кеңінен қолданылады.

Бұл ретте өндірісте әскери өкілдердің болуы бірінші кезекте кәсіпорындардың өздеріне тиімді. Әсіресе технологиялық тұрғыдан күрделі өнімдер шығарылатын жерді айтуға болады. Бұл ақауларды ерте кезеңде анықтауға және оларды жоюға мүмкіндік береді, содан кейін өндірушінің мамандарын әртүрлі аймақтарға жібермеуге немесе бұл кәсіпорынның өзіне зиян тигізетін бұрын өндірілген өнімді кәсіпорынға қайтаруға мүмкіндік бермейді.

Бүгінгі таңда біз осы мәселеде төңірегеніде дамып келеміз. Сондай-ақ болашақта алынатын өнімнің сапасы бойынша әскерлердің шағымдары тек төмендейтініне сенеміз.

Қорытындылай келе, Қорғаныс министрлігі әрқашан қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарымен қалыпты, сындарлы диалогқа дайын екенін атап өткім келеді. Армия әрқашан ел экономикасының маңызды компоненттерінің бірі ретінде отандық қорғаныс өнеркәсіп кешенін дамытуға белсенді түрде атсалысып келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы