Руслан Берденов Respublica партиясына қайтып келе ме?
Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында Айдарбек Ходжаназаров Руслан Берденовтің қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бәріміз де көрдік, әлеуметтік желілерде суреттер жарияланды. Ең бастысы, Руслан Берденовтің сауығып кетуі. Оның көңілі отбасымен көбірек уақыт өткізіп, денсаулығын қалпына келтіру. Көптеген сұрақтарға ол толықтай сауығып шыққан соң жауап береді, - деді Ходжаназаров.
Оның айтуынша, Берденовке ешқандай қысым болмаған.
Бұл – мемлекеттік қызмет. Күн сайын сан түрлі мәселе туындайды. Ал ол 3-4 ай бойы ем қабылдап жүргендіктен, мәселер тоқтамайды. Адамның емделіп кетуін күтіп тұрмайды. Менің ойымша, ол нағыз абыройлы азамат әрі елін сүйетін патриот ретінде бұл орынды босатып, мәселелердің шешілуіне мүмкіндік беруді өзі дұрыс деп шешті. Болашақта Руслан Берденовті жауапты қызметтерде әлі де көреміз деп сенемін, – деп атап өтті партия жетекшісі.
Берденовтің партияға қайта оралуына қатысты сұраққа да жауап берді.
Мүмкін. Руслан Арысбекұлымен талқылаймыз. Бірақ қазір ол тек сауығуға назар аударып жатыр, - деді ол.