Руслан Берденов өзін алаңдатып жүрген проблеманы айтты
Мәжіліс депутаты Руслан Берденов Премьер-министр Олжас Бектеновке синтетикалық есірткілерге қатысты сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мені тамырын кең жайған синтетикалық есірткі кесірінен болашағына балта шауып жатқан азаматтардың тағдыры алаңдатып отыр. Бүгін синтетикалық есірткі қол жетімді. Оны алу үшін интернет және гаджеттің болуы қажет. Қазақстанда нашақорлардың есебінде 18 мыңнан астам адам тіркелген. Елімізде 2023 жылы 1 млн граммнан астам есірткі тәлкіленсе, бұл көрсеткіш 2024 жылдың 8 айында 900 мың граммға жеткен, - дейді депутат.
Есірткіні сатуға байланысты 3145 адам қылмыс жасап оның 2560 сотталып кеткен.
Бұл қарқынмен 10 жылда бір ауылдың тұрғындарына тең адам сотталып кетпек. Бүгіннің өзінде 37 мыңнан астам сотталғандардың 8% есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп жатыр. Есірткі қылмысының жетегіне ерген азаматтардың жас мөлшерінің 16-17 жасқа төмендеуі мен әйел қылмыскерлердің санының өсуі алаңдатады. Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізілгенімен жағдайдың жақсаратын түрі жоқ, - деп айтты Берденов.
Ол мынадай сұрақтарды көтерді:
Бірінші: Еліміздің аймақтарында жасырын есірткі лабараториялары қарқынды жұмыс жасайтыны және оларды түрлі органдар қорғайтыны жайлы пікір қалыптасқан. Осы бағытта тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет.
Екінші: Есірткінің елге кіру көздерінің бірі шекара болғандықтан, Шекара қызметі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қаншалықты сапалы жабдықталған?
Үшінші: Есірткі сатуға қолданылатын шет елдік мессенджерлерде есірткі сатуды ұйымдастырушылар жайлы қанша ұсыныс жолданып, қаншасы қолданды? Қаншасы қараусыз қалды? Олармен ынтымақтастық қай деңгейде?
Төртінші: Есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы және сараптама мерзімін қысқарту жұмысы қаншалықты толық атқарылуда?
Бесінші: Біз есірткімен күресті қаржы сауаты төмен, білімі жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар «закладчиктермен» шектеліп отырмыз? Қоғам неге осы балаларға есірткі сатуға итермелеп отырған қылмыстық топтардың ұсталғанын естімейді? Бүгін біз мәселенің салдарымен күресудеміз.
Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған 5 жылдық кешенді жоспарда Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері, Шекара қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне нақты шараларды бекітіп, алдын алу, себептерін анықтау және салдарымен күресуге қатысты толықтыруларды бірлесіп енгізуді ұсынамын, - деп айтты Мәжіліс депутаты.