Рұқсат етілмеген жерден өткен жаяу жүргіншілерге айыппұл салынды
Жыл басынан бері Түркістан қаласында жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы рұқсат етілмеген жерден өткен 900-ден астам жаяу жүргінші анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер жүйелі іс-шаралар өткізіп жатыр. Жолдағы қауіпсіздік тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де тығыз байланысты екенін ескеруіміз қажет. Осы ретте кейбір тұрғындар жолдан өтіп бара жатса да, телефонға қарауын тоқтатпайды. Құлаққап арқылы әуен тыңдайды.
Енді бірі телефонмен сөйлеседі. Бұл да жүргіншілерді алаңдатады. Полицейлердің айтуынша, белгіленбеген жерден өткен жаяу жүргіншілерге 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Ережені бір жыл ішінде қайта бұзған жағдайда айыппұл 10 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Статистика көрсеткендей, жолдағы апаттардың үштен бірі жаяу жүргіншінің қатысуымен тіркеледі екен.
Белгіленбеген жерден өту жол қозғалысының барлық қатысушысына қауіпті екенін есте ұстаңыздар. Жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар, – дейді полиция қызметкерлері.