«Run for autism». Елордада «ерекше» қайырымдылық марафоны өтеді

29 сәуірде Астанада «Run for autism» атты қайырымдылық іс-шарасы аясында марафон ұйымдастырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан мәлімдеді.

Жаппай жүгіріс – ұйымдастыру жағынан айтарлықтай ауқымды және маңызды оқиға, және бізді серіктестеріміз, тұрақты достарымыз қолдағанына өте қуаныштымыз. Бүгін біз оларды «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасының жұмысын көрсетуге, жобамыз туралы толығырақ айтып беру, қайырымдылық қаражаттың қайда жұмсалатынын көрсету үшін шақырдық. Бүгінгі күні жарысқа бірнеше жүз адам тіркелді және біз қатысушылар саны әлі де артады деп үміттенеміз. Қайырымдылық жүгірісі тұрақты, танымал іс-шараға айналса екен, біздің қоғамымыз барған сайын ашық болса, ерекше адамдарды стигматизациялау бара-бара азайса деген ниеттеміз. Барынша көп адам аутизм туралы біліп, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қабылдап, ал инклюзия мәселелері барлық деңгейде қарастырылғанын қалаймыз, - деді «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«Болашақ» қоры ұйымдастыратын «Run for autism» қайырымдылық марафоны 29 сәуірде Астананың Триатлон паркінде өтеді. Оның мақсаты – жұртшылықтың аутизм туралы хабардарлығын арттыру, аутизм бар адамдардың өмір сапасын жақсарту және олардың әлеуметтенуі мен өз қабілеттерін іске асыруға жағдайлардың жасалуын қамтамасыз ету. Жүгіріс Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орайластырылған. Жыл сайын сәуір айы бойы аутизм спектрі бұзылған адамдарға көмектесу үшін науқандар мен ақпараттық-түсіндіру науқандары өткізіледі.

Жүгіріске кәсіби спортшылар, жүгірушілер, әуесқой спортшылар, ерекше балалар, ата-аналар қатысады деп күтілуде. Жарыс 1, 2,5, 5 және 10 шақырым қашықтыққа өтеді.

Жүгіріске қатысушылар арасында бағалы жүлделер ойнатылады.

Қайырымдылық марафонынан жиналған қаражат «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында аутизм және басқа да менталдық бұзылушылықтары бар балаларды қолдауға жұмсалады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Run for autism» қайырымдылық марафонына қатысушылар инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысымен танысқаны туралы жазған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан informburo.kz
Өзгелердің жаңалығы