Румынияда 8 мыңға жуық адам сот жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы шықты

Бухаресте сенбі күні сот жүйесіндегі жемқорлыққа қарсы өткен наразылық акциясына шамамен 8 мың адам жиналды. Шеру Румыния үкіметінің штаб-пәтері алдындағы алаңда өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

HotNews порталының мәліметінше, акцияға қатысушылар сот жүйесіндегі «мафиялық желілерді» жоюды талап етіп, сондай-ақ Жоғарғы кассациялық сот төрағасы мен ішкі істер министрінің отставкаға кетуін талап еткен.

Жаппай наразылыққа румын тергеуші журналистер дайындаған «Тұтқындағы әділет» атты деректі фильм себеп болған. Фильмде Румынияның сот жүйесі ықпалды тұлғалардың тар шеңберінің бақылауында екені, ірі жемқорлық істерінің жабулы қалатыны, ал қозғалған қылмыстық істердің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылатыны айтылған.

Деректі фильм сейсенбі күні YouTube платформасында жарияланып, келесі күні орталық телеарнадан көрсетілгеннен кейін қоғамда кең резонанс туғызды.

Жоғарғы сот органдарының басшылары тағылған айыптарды жоққа шығарып, ұсынылған деректердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Дегенмен, бірқатар судьялар мен прокурорлар сот жүйесінде заңбұзушылықтар бар екенін растады. Кейбір журналистер мен сарапшылар бұл жағдайды сот және саяси элита ішіндегі әртүрлі топтардың текетіресімен байланыстырады.

Жоғарғы магистратура кеңесі фильмде келтірілген деректер бойынша сот инспекциясына тексеру жүргізу тапсырылғанын хабарлады. Ал Румыния президенті Никушор Дан судьялар мен прокурорларды 22 желтоқсанда ұлттық сот жүйесіндегі мәселелерді талқылау үшін кездесуге шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы